Жетісай: Ел игілігіне арналған бастамалар

Oinet.kz 19-10-2025 16

Screenshot_26.jpg

Жетісай ауданында ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасып отыр. Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған мемлекет қаржысы мақсатты игеріліп, оның игілігін ел көруде. Мәселен, Мақталы  ауылдық округі тұрғындарының өтініші негізінде округте бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан.

– Бұл округте өткен басқосуда Шолпанқұдық елді мекенінен балалар ойын алаңшасын салу, Тәуелсіздік көшесін орташа жөндеуден өткізу, К-34-7 каналын бетондау, Тың елді мекеніндегі Астана көшесіне аяқжол салу, Жетісай-Шардара тас жолының бойында орналасқан Мақталы ауылдық округіне қарасты автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу, Жайлаукөл ауылынан таза ауыз су ұңғымасын қайта бұрғылау сынды 6 мәселе көтерілген болса, оның үшеуі бүгінгі күні шешімін тапты. Ал қалған мәселелер бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жыл басынан бері округке қарасты Жетісу елді мекенінен бір ауысымда 25 адам қабылдай алатын дәрігерлік-амбулатория пайдалануға берілсе, облыстық бюджет есебінен Теміржол, Жайлаукөл, Тың және Шолпанқұдық елді мекендеріне газ құбырлары жүргізілген. Жетісу, Алтынсарин елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудан әкімі.

Сондай-ақ бюджеттен бөлінген 57 миллион теңге Дархан, Алтынсарин, Тың ауылдарына спорт алаңшалары салынса, Теміржол ауылында спорт алаңшасының құрылысы басталған. Шолпанқұдық ауылынан спорт алаңшасының құрылысын бастау үшін қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Ал Мақталы елді мекенінен спорт алаңшасын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 9,2 миллион теңге, Мақталы, Жетісу, Алтынсарин, Дархан, Теміржол, Алмалы, Тың елді мекендерінде электр желілері құрылысы мен КТП орнату жұмыстарына жобалау сметалық құжаттамаларды әзірлеу үшін 10,8 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Одан бөлек, биыл округтің IV деңгейлі бюджеті есебінен Жетісу елді мекенінің Болашақ, Ынтымақ көшелерін жарықтандыруға 1,6 миллион теңге, Жібек жолы елді мекеніндегі Нұрлы жол көшесін жарықтандыруға 833 мың теңге қаралып, жұмыстар толық аяқталса, Мақталы елді мекеніндегі Тәуелсіздік көшесін жарықтандыруға 2,7 миллион теңге қаралған, ол жұмыстарды таяу күндері бастау жоспарланған. Ал Алмалы ауылындағы Мырзашөл және Тың елді мекеніндегі Тәуелсіздік көшелерін, Алтынсарин ауылындағы Шұғыла, Дархан ауылындағы Достық көшелерін орташа жөндеуден өткізуге 232 миллион теңге қаралып, жұмыстар толық аяқталған.

–  Бұл жұмыстар бір Мақталы ауылдық округінде атқарылған. Басқа ауылдық округтерде де осындай атқарылған жұмыстар көп. Мысалға, бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Қазыбек би ауылдық округінің әлеуметтік ахуалы мен экономикалық көрсеткішінің жақсара түскенін байқау қиын емес. Мәселен, биыл округке қарасты Алғабас, Таубай ата елді мекендерінен таза ауыз су ұңғымасын бұрғылауға облыстық және жергілікті бюджеттерден 102 миллион теңге бөлінсе, Құрбан ата елді мекенінің ауыз су жүйесін қайта құруға 480 миллион теңге қаралып, нысан пайдалануға берілді. Ал Жамбыл ауылындағы Т.Бигелдинов, Достық, Бейбітшілік және Қалдыбаев, Қазыбек би ауылындағы Өмірзақов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Абиболла ауылындағы Сапарбек ата және Егенов көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Ал, Таубай ата ауылындағы М.Жасұзақов, Жамбыл ауылындағы Бекарыстанов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жақын күндері басталатын болады, – дейді Серік Үсенұлы.

Сонымен қатар Қазыбек би ауылындағы Түркістан мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, Амангелді орта мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, Жамбыл елді мекеніндегі тозығы жеткен қосалқы станциясы (КТП) жаңартылған. Сондай-ақ елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 4,2 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілген.

Айта берсе Жетісай ауданындағы ауылдық округтерде әлі де жүзеге асырылатын жобалар көп. Мұның барлығын аудан әкімі Серік Үсенұлы ауылдық округтерді аралау барысында, халықпен болған кездесулерде айтты. 

Жетісай: Табиғи газға тағы 3 елді мекен қосылды
Жетісай: қолға алынған жобалар аяқсыз қалмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу