Жетісай: Табиғи газға тағы 3 елді мекен қосылды

Oinet.kz 19-10-2025 17

674875720ca87188724180.jpg

Жетісай ауданында газдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде халықтың 86,6 пайызы көгілдір отынның игілігін көруде. Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, аудандағы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газбен қамтылып, «көгілдір отын» пайдаланушылардың пайыздық үлесі 90 пайызға жуықтаған. Бүгінгі күні 3 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, 10 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

– Ауданда газдандыру аясында бірнеше елдімекен көгілдір отынға қосылып отыр. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Басты мақсат – Жетісай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту, тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру. Аталған бағыттағы жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, өткен жылы 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, биыл жыл басынан бері 12 елді мекенге газ берілген. Соның бірі Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс елді мекеніне табиғи газ беріліп отыр, – дейді аудан әкімі.

Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Атақоныс елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдалануда. Республикалық бюджеттен бөлінген 527 миллион 481 мың тенгеге тартылған газ құбырының ұзындығы 21,9 шақырым. 2709 тұрғыны бар ауылда тұтынушы абоненттер саны 374. «QazaqGazAimaq» Жетісай аудандық филиалының басшысы Бақтыбай Акеевтың айтуынша, жыл соңына дейін 10,5 мың тұрғыны бар тағы 8 елді мекенді көгілдір отынға қосып, газдандыру көрсеткішін 2027 жылы 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Ал өткен аптада, атап айтсақ, 25 қазан – Республика күні қарсаңында Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты 2055 тұрғыны бар С.Сейфуллин елді мекені көгілдір отынға қосылды. 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жалпы сметалық құны 414 миллион 443 мың теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарын «РемСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік кестеге сай жүргізген. Енді ұзындығы 21,7 шақырымды құрайтын газ құбырынан 269 үй көгілдір отын пайдаланатын болады.

Мұндағы елді мекен тұрғындарының қуанышын бөлісуге Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков пен жауапты сала басшылары қатысты. «Біз жыл басынан бері округ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеміз. Нақтырақ айтар болсақ, Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Жазықсай елді мекенінен таза ауыз су құбырын тартып, Жүзтерек көшесін орта жөндеуден өткіздік. Ал, Үтіртөбе елді мекенінен таза ауыз су ұңғымасы қазылып, СЭС сынамасының оң қорытындысы алынды. Қазірде аталған ұңғыманы елді мекеннің сапалы ауыз су желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде» дейді аудан әкімі.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, Сейфуллин елді мекені соңғы аптада көгілдір отынға қосылған үшінші нысан. Бұдан бөлек, округке қарасты Арай ауылында ойын алаңшасы мен саябақты ретке келтіру, Абай елді мекенінен Ырысты көшесіне аяқжол салу жұмыстары басталса, Жаңа дәуір елді мекенінен футбол алаңшасы салынған. Тағы бір атап өтерлігі, осы мереке аясында Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекеніндегі мәдениет үйі пайдалануға берілді. 1957 жылы қолданысқа берілген мәдениет үйіне 2014 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Ағымдағы жылдың мамыр айында 0,9346 шаршы метр аумаққа басталған күрделі жөндеу жұмыстарының жалпы құны 342 миллион 805 мың теңгені құраған. Өндірістік кестеге сәйкес жұмыстарды межеленген уақытта аяқтаған «Намыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәдениет үйін мерекеде ел игілігіне тапсырып отыр. Жаңартылған кешенде мәдениет үйінің қызметкерлерімен қатар ауылдық кітапхана, спорттың бірнеше түрінен үйірмелері жұмыс істейтін болады.

Осы мереке күні аудандағы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Алтынкөл елді мекеніне де газ берілді. 655 тұрғын мекен ететін Алтынкөл елді мекенінде 138 абонент бар. Газ құбырының ұзындығы 10,3 шақырымды құрайды. Республика қазынасынан 190 миллион 212 мың теңгеге бөлінген. Екі жылға жоспарланған нысанның құрылыс жұмысын «BBM-STORY-GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Түркістан облысында Республика күніне жаңа нысандар пайдалануға берілуде
Жетісай: Ел игілігіне арналған бастамалар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу