Түркістан облысында Республика күніне жаңа нысандар пайдалануға берілуде

Oinet.kz 18-10-2025 17

Screenshot_25.jpg

Түркістан облысында Республика мерекесі қарсаңында арнайы жоспар бекітіліп, 17 аудан-қалада маңызды іс-шара өтетін болады. 25 қазан күні облыс орталығы мен барлық аудан-қала орталықтарында Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, «Жанашыр жүрек» акциясы аясында түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады. Мереке күні аудан-қалаларда көптеген әлеуметтік маңызды нысандар ашылады. Дегенмен, Республика күні қарсаңында беріліп жатқан нысандар да аз емес. Соның бірі – Ордабасы ауданында ашылып отыр.

Ордабасы ауданында спорт саласын дамыту бағытындағы игі істер жалғасуда. 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Қараспан ауыл округіне қарасты Төреарық елді мекенінде заманауи талаптарға сай жаңа спорт залы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жеке кәсіпкердің бастамасымен бой көтерген «Төреарық спорт залының» құрылысы 2023 жылы басталып, бүгінгі күні толық аяқталып отыр. Нысанның жалпы ауданы 0,25 гектарды құрайды. Жаңа нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді.

Спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, дзюдо, каратэ-до және үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысуға толық жағдай жасалған. Бірінші қабатта бокс және күрес залдары, тренажер бөлмесі, жуыну және қызметкерлерге арналған бөлмелер орналасқан. Екінші қабатта қосымша қызметтік бөлмелер бар. Оның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Азат Оралбаев ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, спорт кешенінің ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуін тілеп, спортпен шұғылданушы жастарға сәттілік тіледі. Рәсім барысында аудан әкімі спорт залдың лентасын қиды.

Ордабасы ауданы сияқты Мақтаарал ауданында Республика күніне ашылатын нысандар көп. Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың айтуынша, Республика күніне ауданда маңызы ірі нысандар пайдалануға беріледі. Олардың дайындық жұмысымен әкім орынбасары арнайы танысып та шықты. Соның бірі – Мырзакент кентінде орналасқан орталық саябаққа. Жобаға сәйкес, жаңа саябақ заманауи талаптарға сай абаттандырылып жатыр. Онда балаларға арналған ойын алаңшалары, әртүрлі атракциондар, ашық аспан астындағы концерт және мәдени іс-шаралар өткізетін алаң, сәндік субұрқақтар мен жасанды көлшіктер, демалыс орындықтары мен көлікке арналған автотұрақ және көгалдандырылған аймақтар қарастырылған. Бұл нысан тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени орта болмақ.

Бұдан бөлек, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Ынталы ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тұрғызылған мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталған. Нысанда мәдениет залы мен кітапханасынан бөлек, спорт залы да бар. Одан бөлек, көрме залдары, үйірмелер мен мәдени іс-шараларға арналған алаңдар болады. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық «Жайлы мектептің» құрылыс алаңында да болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қазіргі таңда білім ордасының құрылысында соңғы кезеңдегі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, нысанның ауласын абаттандыру, мектеп ішін құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамту жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, аталған нысандар 25 қазан – Республика күні қарсаңында пайдалануға берілмек.

Жалпы Түркістан облысында Республика күні маңызды ондаған әлеуметтік нысанды беру жоспарлануда.

Түлкібас: Ауданда шешімін тапқан мәселелер бар
Жетісай: Табиғи газға тағы 3 елді мекен қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу