Түлкібас: Ауданда шешімін тапқан мәселелер бар

Түлкібас ауданында инфрақұрылым жүйесін дамыту, сапалы ауыз сумен және электр энергиясымен қамту, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін жанар-жағармай бекеттерін орналастыру жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, Келтемашат ауылдық округіне қарасты 160 жуық түніні бар Жиынбай және Қоғалы ауылдарының су жүйесіне кететін электр энергиясын үнемдеу және үздіксіз сапалы ауыз сумен қамту мақсатында бастау көзіне қосу жұмыстары аяқталды.
Ол атқарылған жұмыстарды аудан әкімі Асқар Естібаев және аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев жауапты мамандармен арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, бұл жерде су жиналатын орынды талапқа сай қоршау, трансформатор мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары да өз мәресіне жетіп отыр.
Аудан әкімі ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен таныса келіп, арнайы қоршалған су жинайтын орынның айналасын көгалдандыру бойынша, яғни су келіп тұрған дайын орынға облыстан үлестірілген көшеттердің бір бөлігін егу мақсатында жауаптыларға нақты тапсырма жүктеп, аудан аумағындағы барлық бастау көздеріне бейне бақылау орнату қажеттігін атап өтті.
Сонымен қоса, аудан басшысы Жиынбай ауылының маңынан соғылып жатқан «Өрт сөндіру бекеті» жұмысын да көрді. 6 соттық жерде бой көтеріп жатқан өрт сөндіру бекетінде екі өрт сөндіру арнайы көлігіне шақталған және жасақ кезекшілік ететін талапқа сай ғимарат соғылуда. Аудан әкімі құрылысқа жауапты мердігерге жұмысты сапалы әрі уақтында аяқтауды тапсырды.
Келтемашат ауылдық округіне жасаған іссапарын Асқар Сұлтанұлы арнайы күзгі ағаш көшеттері егілетін жерде түйіндеді. Бұл жерде 5 гектарға жуық жер мал түспес үшін қоршалып, болашақ көкжелекті суғару мақсатында су жүйесі жүргізілген. Бұл жер теліміне алдағы уақытта 30 мыңнан астам күзгі көшеттерді отырғызу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, электрмен қамту жұмысы аясында Састөбе ауылының тұрғындарының көтеруімен бұл елдімекенде көше жарығына қатысты мәселе өз шешімін тауып отыр. Бұған дейін ауыл тұрғындары көше бойындағы жарық шамдарының істен шыққаны жөнінде әлеуметтік желі арқылы мәселе көтерген болатын. Аталған шағым назардан тыс қалмай, аудан әкімінің араласуымен шешімін тапқан болатын. Сөйтіп, Түлкібас ауданы әкімдігінің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл көшелерінде жарық шамдары толық іске қосылып, тұрғындардың және оқушылардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.
Састөбе ауылының тұрғындары көрсетілген қолдау үшін Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевқа және жауапты сала мамандарына ризашылықтарын білдіріп, игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты. «Енді балаларымыз мектепке уайымдамай барып-келетін болды. Осындай халықтың мәселесіне назар аударып, нақты іс атқарған әкімдікке үлкен рақмет», – дейді ауыл тұрғындары.
Сондай-ақ аудан әкімдігі қолдауымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолдың бойына орналасқан Жаскешу ауылының Шымкент қаласы бағытындағы жол бойына заманауи жанар-жағармай бекетінің құрылысы жоспарлануда. Бұл жоспар аудан әкімі Асқар Естібаевтың жұмыс күнін қорытындылаған Жаскешу ауылдық округінде белгілі болды. Аудан әкімі Асқар Естібаев, Мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты мамандар бірге округтегі аталған нысан түсетін орында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Қазіргі таңда жерін тегістеп, биіктету жұмыстары бастау алған жанармай бекеті жалпы 2 гектар аумаққа орналастырылмақ. Бұл жерде сонымен қоса автотұрақ пен дүкен қарастырылған. Жалып жоба құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрамақ. Аталған нысан іске қосылған жағдайда ауданға қосымша салық көзі түсіп ғана қоймай, қосымша жұмыс орындары ашылады деп көзделуде.


