Жетісай: Каналдар механикалық тазалаудан өтіп, абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда

Oinet.kz 18-10-2025 22

wDafwFgWxPvFs0WcuUpBDauYpUlKtCG06uVhfb60.jpg_width=1200Xheight=autoXtype=1.jpg

Жетісай ауданында экологиялық және экономикалық тұрғыда ел игілігіне асырылатын көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай жұмыс барысын ауданға қарасты Қызылқұм ауылдық округінен көруге болады. Яғни, округте ауыл шаруашылығы агроқұрылымдары үшін маңызды канал жөндеуден өткізілуде. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов округ тұрғындарымен өткен кездесуде айтты. Алдымен аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыс барысымен таныстырды.

Бұл жиналысқа аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Қахарбай Исаев пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлімдер басшылары, денсаулық сақтау мен білім беру саласының басшылары, тұрғындар қатысты.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында өткен кездесуде округ орталығы Қызылқұм ауылында мектеп салу, дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу, ауыз су, мәдениет үйін салу, жол кедергісін орнату және Алғабас, Түркебай елді мекендерінде КТП орнату, ағын су нысандары мен көшелерді жөндеу, жарықтандыру сынды көтерілген 11 мәселе бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстардың атқарылуы нәтижесінде 6 мәселе шешімін тапса, 5-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 Биыл округте облыстық бюджет есебінен Алтынкөл, Мақталы, Ақбұлақ, Көбек елді мекендері табиғи газбен қамтылды. Ал Алтынкөл елді мекеніндегі Түркістан, Алаш, Қызылту ауылындағы Едіге, Мақталыдағы Жастар, Ақбұлақта Сарқырама көшелері орта жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек, аудан бюджетінен қаралған 8,2 миллион теңгеге Қосқұдық елді мекеніне футбол алаңшасы салынса, Қызылқұм елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы басталған. Алтынкөл ауылына 4 миллион теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Алғабас ауылынан футбол алаңшасының құрылысын бастауға 1 миллион теңге бөлінген. К-30-24 каналының 1 шақырымы, К-30-26 каналының 3 шақырымы механикалық тазалаудан өтуде. Сондай-ақ ауылдардың санитариясын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 4,8 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кездесу соңында жергілікті тұрғындарға аудан әкімінің жеке қабылдауы өткізіліп, айтар ұсыныстар мен арыз-шағымдары тыңдалды.

          Ал аудан әкімі кездесуде айтқандай санитарлық тазалық жұмыстары ауданда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтсақ, аудан әкімі Серік Мамытовтың қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Оған қала, кент, ауылдық округтердің елді мекендеріне, республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерден, ерікті азаматтар мен ауыл тұрғындарынан, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлерден 2,5 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ сенбілікке 20 техника жұмылдырылып, 20 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды.

– Қоршаған ортаның тазалығын сақтау ортақ міндет. Бүгінгі күні аудан тұрғындарының тазалық жұмысына үлес қосуы артып келеді. Қоршаған ортаны таза  ұстауға, экологиялық мәдениеттерін қалыптастыруға және өздері мекен ететін елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға тигізер ықпалының мол екенін насихаттайтын сенбілік жұмыстарына қатысушы жастармен бірге ауыл ақсақалдары, билері, белсенді азаматтар барынша атсалысып, үрдіске айналдыруымыздың нәтижесінде күнделікті өткізіп келеміз. Мұның бәрі тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізуіміздің нәтижесі, – дейді аудан әкімі Серік Үсенұлы.

Аудан әкімінің тапсырмасымен аудан аумағында тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен ауыл билерінің, аудандық полиция бөлімі өкілдерінің қатысуымен арнайы жиындар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар ілінген, бейнебақылау камералары орнатылған. Мұның бәрі бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға мүдделі болуларына, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпалын тигізуде.

Шардара: Жиын-терім жұмыстары аяқталып келеді
Түлкібас: Ауданда шешімін тапқан мәселелер бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу