Шардара: Жиын-терім жұмыстары аяқталып келеді

Шардара ауданында мемлекеттік қолдаулар арқылы ауыл шаруашылығы саласында өнім мен табыс артып келеді. Мәселен, биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 миллиард теңге, үкіметтік резервтен 5,2 миллиард теңге бөлінген. 9 айдың қортындысымен 42 миллиард теңге шаруаларға бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Бұл үрдіс Шардара ауданында да қалыптасып, аудан диқандары биыл мемлекеттің қолдауы аясында егіс алқаптарынан мол өнімге кенелуде.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, бұл субсидиялар мен жеңілдіктер өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатынын жеткізді.
Бүгінгі күні Шардара ауданында күзгі жиын-терім жұмыстары аяқталуға жақын. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев күзгі жиын-терім науқанының барысымен танысу мақсатында Алатау батыр және Ұзын ата ауылдық округтеріне барып, ондағы жиын-терім жұмысының барысымен танысты. Алатау батыр ауылдық округіндегі «Сая» фермерлік қожалығы 150 гектар мақта алқабында жұмыс жүргізуде. Гектарынан 35 центнер өнім алынып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 100 гектар жер жиналып, жиын-терім жұмыстарына 5 комбайн мен 5 трактор жұмылдырылған.
Сонымен қатар «Сая» фермерлік қожалығына тиесілі күріш өңдеу цехының жұмысын көрді. Шаруашылық 500 гектар алқапқа күріш егіп, ору жұмыстарын толық аяқтаған. Егілген сорттар – «Лазер» және «Мустахиллик». Мұнда тәулігіне 60 тонна күріш өңдейтін зауыт және жаңадан орнатылған, тәулігіне 15 тонна өнім кептіретін құрылғы жұмыс істейді. Күріш жинау жұмыстарына шетелдік 6 комбайн қатысқан. Цехта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың негізгі драйверлерінің бірі. Ізденісті тоқтатпау керек. Су үнемдеу технологияларын қолдану, егістікті әртараптандыру аса маңызды. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорттық әлеуетін көтеру және азық-түлік тапшылығының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі атқаруға шаруа қожалықтарды тарапынан мол үлес қосылуда. Алған бағыттан жаңылмай, мемлекет қолдауы аясында өнімділікті арттырып, өндірісті жандандыра түсу керек, – дейді аудан әкімі.
Бұдан кейін аудан әкімі Ұзын ата ауылдық округіндегі «Нұрман» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Қазіргі таңда шаруашылықтағы 420 гектар күріш алқабынан 2800 тонна өнім жиналған. Өнімділігі гектарына 70 центнерден айналуда. Қалған егінді осы аптаның соңына дейін жинап бітіру жоспарлануда. Егілген күріш сорттары – «Лазер» және «Атаман». Шаруашылықта 15 адам жұмыспен қамтылған, ал ору және тасымалдау жұмыстарына 15 техника мен 5 комбайн жұмылдырылған.


