Қалада атқарылып жатқан жұмыстар шаһар басшысының тұрақты бақылауында

Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кешегі күні шаһарда құрылысы жүріп жатқан саябақ, мектеп және жылу беру жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ елге арнайы келген маңызды қонақты күтіп алып, өңір экономикасымен, қала тарихымен таныстырды. Және де құтқарушылар күніне қатысып, олардың ерлігін жоғары бағалады.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, жыл басынан бері Түркістан қаласының негізгі капиталына 316,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өңірде қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және саяхатшыларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында жалпы құны 49,4 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылуда.
Осы аяда атқарылып жатқан жұмыстар көп. соның бірі – Парасат саябағы. Бүгінгі күні саябақта реконструкциялық жұмыстар жалғасын табуда. Бұл жұмыс барысымен қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып танысты. «Түркістан қаласында Парасат саябағын реконструкциялау» жобасы 2021 жылы әзірленіп, 2023 жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын. Содан бері жобаның бірінші және екінші кезеңдері бойынша саябақты жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аумағы 14 гектарды құрайтын саябақта бүгінде 2 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Демалыс аймағында балалар ойын алаңшалары, жабық және ашық футбол алаңдары, баскетбол және теннис корттары салынды», – дейді қала әкімі.
Бұдан бөлек, саябақта 200-ден астам заманауи жарық шамдары орнатылып, 7 мың шаршы метрге асфальт жабыны төселіп, 100-ден астам орындық қойылған. Саябақ аумағында жазғы сахна, веложолақтар, жаяу жүргіншілер жолдары және тұрғындардың жайлы демалысына арналған өзге де инфрақұрылым элементтері қарастырылған. Қала әкімі құрылыс сапасы мен абаттандыру жұмыстарының толық аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мердігер мекемеге абаттандыруды уақытылы әрі сапалы аяқтауды, саябақ аумағындағы қауіпсіздік пен тазалықты сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар биыл Түркістан қаласында 3 жаңа мектеп пен 7 балабақша пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде қаладағы білім беру инфрақұрылымын кеңейтіп, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасады. Қала әкімінің айтуынша бүгінгі күні қалада 38 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп бір ауысымда оқушыларға білім беруде. Сонымен қатар, биыл 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Қала әкімі осы мектептерде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Түркістан қаласы білім басқармасы өкілдерінің сөзінше биыл Түркістан қаласында 55252 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында 3069 түлек 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты. Олардың ішінде 244 оқушы – «Үздік аттестатқа», ал 183 түлек – «Алтын белгіге» үміткер болып тіркелді. Сонымен бірге, қаладағы 44 мектептен 2799 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Түркістан қаласында білім сапасын арттыруға, жаңа мектептер мен балабақшалар салуға, оқу орындарын жөндеуге және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты қала басшысы.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркі әлемінің даңқты перзенті, қазақ таэквондосының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің қызы – Неслихан Өзтүрікті қабылдап, Түркістан өңірінің тарихи келбеті мен қазіргі даму бағыттарын таныстырды. Неслихан Өзтүрік атажұртына арнайы сапарлап келіп, бабаларының ізі қалған қасиетті өңірлерді зиярат етіп жүр. Оның рухани сапары ұлы ойшыл, хакім Абайдың елі – Шығыс Қазақстан өңірінен басталып, түркі жұртының рухани ордасы, киелі Түркістан қаласында түйінделді. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы Мұстафа Өзтүріктің қазақ спорты мен ұлттық руханиятына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оның есімі ел жадында мәңгі сақтау мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Өз кезегінде Неслихан ханым Түркі халқының бауырмалдығын, Түркістан тұрғындарының жылы ықыласын ерекше сезінгенін айтып, алғысын білдірді. Ол әкесінің арманы – қазақ елі мен түркі жұртының рухани бірлігін нығайту жолындағы игі істер жалғасып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Осыдан кейін шаһар басшысы Түркістан қаласы мәдениет үйінде ұйымдастырылған Қазақстан Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, төтенше жағдайлар саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл мереке – адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қорғау ісіне зор үлес қосып жүрген құтқарушылардың еңбегін бағалаудың және олардың ерлігі мен батылдығын дәріптеудің көрінісі. Іс-шара барысында қала әкімі төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегін атап өтіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үлестеріне ризашылығын білдірді.
– Құтқарушының әр күні – қауіп пен қатерге толы. Дегенмен, қандай жағдайда да елге қызмет етуден, адам өмірін сақтап қалудан тайсалмай, өз борыштарыңызды адал орындап келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз – қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі, – деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.
Бүгінде Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасында 146 қызметкер еңбек етіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы жолында тәулік бойы тынымсыз қызмет атқарып келе жатыр. Оның ішінде 13 офицерлік жеке құрам бар. Басқарма құрамында екі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Құтқарушылар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам өмірін қорғау бағытында жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, іс-шара аясында қызметтік борышын адал атқарып, кәсібіне беріктігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге қала әкімінің және Төтенше жағдайлар басқармасының алғыс хаттары табысталды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар құтқарушы мамандығының мәртебесін арттыру мен жастарды ерлікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы жылу барысымен танысу үшін қазандықтар жұмысымен танысты. «Қазіргі басты маңызды мәселелеріміздің бірі – қысқы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша бірнеше әлеуметтік нысандар мен І және ІІ шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қазандықтары мен жертөлелерін араладым. Тұрғындармен сөйлесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдадым. Кей үйлердің жертөлесіне түсіп, жылу құбырлары мен жүйелердің жағдайын тексердік. Биыл бұл аудандардағы 75 көпқабатты тұрғын үйде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктерді толық ретке келтірдік. Қазір толық дайын деуге болады. Барлығы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Қала бойынша жалпы 12561 тұтынушы орталықтандырылған жылу жүйесінен жылу алады. Оның ішінде 223 көпқабатты үй, 18 бюджеттік ұйым, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй кешені бар. Жауапты мекемелерге тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге дер кезінде әрекет етіп, ақау анықталған жағдайда жөндеу жұмыстарын жедел ұйымдастыруды, барлық үйлердің жылыту жүйесін күнделікті бақылауда ұстауды тапсырдым. Әкімдік пен коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Жылу беру маусымы 1 қарашаға дейін толық қосылады. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету. Әр отбасының үйі жылы, көңілі тыныш болса – біздің еңбегіміздің нәтижесі сол» дейді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.


