Кентау қаласы: Жылыжай өнімі артып отыр

Oinet.kz 17-10-2025 18

2024_06_01_2023_01_12_ya.jpg

Президентіміз Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал», деп атап өткендей Кентау қаласында дәл осы бағытта өз кәсібін бастаған кәсіпкерлер қатары артып отыр. Соның бірі Кентау қаласының тұрғыны Інжу Үкібай.

Екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Інжу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 гектар аумаққа қияр орналастырған. Жеке кәсіпкер бұл жерде уақытша 10 аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы 30 тоннаға дейін өнім жиналса, биыл жыл соңына дейін 35 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлауда. Шаруашылық иесі алдағы уақытта бау-бақша түрлерін көбейтіп, жылыжай көлемін кеңейтуді көздеп отыр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы 4,4 миллиард теңге қаржы қаралып, бағдарлама арқылы жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақтанып, егіс көлемі мен алынған өнім көлемі артуда. 2023-2025 жылдары жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде төмендеген. Сондай ақ 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде жылыжайлардан 101,5 мың тонна өнім жиналып отыр немесе 1,3 есе артқан. Мұнда Кентау қаласындағы жылыжайлардың да үлесі бар.

Жалпы жылыжай шаруашылығы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында да дамып келеді. Жеке кәсіпкер Рашид Аминов 15 соттық жылыжайға қияр, 10 соттық жерге қызанақ егіп, табысты еңбек етуде. Кореялық үлгіде салынған жылыжайдан жылына екі рет өнім алынады. Кәсіпкер 2018 жылдан бері қияр өсірумен айналысып, жылына 25 тоннаға дейін қияр мен қызанақ өнімін жинайды. Өнімдері Кентау қаласына жеткізіліп, ауыл дүкендеріне де сатылымға шығады.

Сонымен қатар, кәсіпкер 10-ға жуық ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, шаруа алдағы уақытта 3 гектар жерге жылыжай салуды қолға алған. Бүгінде Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруа қожалық бар. Олар да түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өнім көлемін ұлғайтуда.

Жылыжай шаруашылықтарының негізгі мақсаты тұрғындарды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, сауда орындарын тасқын судай басып жатқан көкөніс өнімдерінің импортын азайту, сөйтіп, бағаның тым шарықтап өсуіне жол бермеу екендігі белгілі.

Жылыжайдың ірге­тасы қаланғаннан бастап, алғашқы өнімді бергенінше шаруашылық білікті мамандардың қатаң бақылауында болады. Елімізде мұндай күрделі кешенді салуды кез келген кәсіпкердің қалтасы көтере бермейді. Әрбір қадамыңның қымбат тұрғаны былай тұрсын, өнімді өсірудің өзіндік қиындықтары өте көп және де, кәсіп­керлердің айтуынша, жылыжай ке­шені тәуекелді де іс. Жалпы бүгінде Түркістан облысында шамамен екі мыңға жуық гектар алқапта жылыжай орна­ласқан, бұл елдегі жылыжайлар көлемінің 71 пайызын құрайды.

Бүгінде осы салада табысты еңбек етіп жүрген тағы бірі кентаулық Дархан Ташабаев. Ол 2023 жылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 6 миллион теңге алып, жылыжай ашқан болатын. Кәсіпкер бастаған ісін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруда. Негізінен жылыжайда қияр өсіруде. Кәсіпкер бұл шаруаны отбасылық кәсіпке айналдырған. Қазір олар өндірген өнімдерін Кентау мен Түркістан қалаларына жібереді. Сұраныстың көптігі соншалық, кейде өнім тек Кентау қаласы мен ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеумен шектеліп қалады.

Жылыжайдан бір жылда екі рет өнім жиналады. Жалпы алғанда, бір жылда 10 тоннаға дейін қияр алады. Бастапқыда 11 соттық жерге қияр еккен шаруа бүгінде кәсібін кеңейтіп, қосымша 5 соттық жерге қызанақ жылыжайын салуды қолға алған.

Жетісай: Инфрақұрылым жүйелері жаңара түсуде
Қалада атқарылып жатқан жұмыстар шаһар басшысының тұрақты бақылауында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу