Елу инвестициялық жоба іске асырылды

Түркістан облысында бүгінгі күні 20 индустриалды аймақ бар. Биыл аймақта орналасқан кәсіпорындар күшімен 12 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Осы өндіріс аймақтарында екі мыңнан астам адам еңбек етуде.
Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, облыс аумағында жұмыс істеп тұрған 20 индустриалды аймақтардың жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайды. Бүгінгі күні осы аймақтарда жалпы құны 39,5 миллиард теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба іске асырылған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән берген болатын. Президент тапсырмасын басшылыққа ала отырып индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс жүргізілуде. Жоғарыда айтқанымыздай биыл жүзеге асырылған жобалардың нәтижесінде индустриалдық экономикалық аймақта 2609 жаңа жұмыс орны құрылып, облыс тұрғындары жұмысқа тартылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жалпы құны 112,4 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Бұл инвестициялық жобалар құрылыс материалдарды және дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмассадан жасалған өнімдерді өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда 3812 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда, – дейді ол.
Жалпы индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жүргізу үшін 12,35 миллиард теңге жұмсалған. Бюджеттен жұмсалған 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған. «Облыстағы индустриалды экономикалық аймақтардағы инфрақұрылым жағдайын жақсарту аймақ әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында тұр. Өткен аптада облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде өңір басшысы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ индустриалды аймақтар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы тиіс екенін ескертті. Сөйтіп өңір басшысы өткен мәжілісте аудан, қалалардағы индустриалды аймақтардың жағдайы, онда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшысына индустриалды аймақтарының инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге қажетті қаржының есебін жасау, жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден жерді қайтару, зауыттарды жергілікті салықтық органдарға тіркеу және өзге жобаларды көбейту жөнінде тапсырма берді», – деп атап өтті Қанат Шонбасов.
Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорындардың өндірілген өнім көлемі 12,5 миллиард теңгені құрап, бюджетке 756,6 миллион теңге салық түскен. Бүгінде индустриалды аймақтарға жалпы құны 78,1 миллиард теңгені құрайтын жаңа 28 инвестициялық жоба орналастырылып, 2370 жаңа жұмыс орны ашылған.
– Бүгінгі күні Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылған кезде 2956 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұдан бөлек, қаладағы индустриалды аймақта 23 жоба іске қосылып, 961 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарланған жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда. Өткен 8 айда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 22010-ға жетіп, салада 34500 адам жұмыспен қамтылған. Қала экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65-68 пайызын құрайды. Кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген, – дейді Қанат Шонбасов.






