Сусын өндіретін жаңа зауыт ашылды

Oinet.kz 02-10-2025 9

Screenshot_3.jpg

Түлкібас ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Оған өңір табиғатының сұлулығы ғана емес, суы мен тау-тасы да өз үлесін қосуда. Міне, шетелдік инвесторларды қызықтырып отырған да Түлкібастың табиғаты мен ондағы табиғи байлық. Жеміс-жидегін айтпағанда сансыз бұлақтарынан минералды сусын өндіруге қызығушылық танытқан инвесторлар да көп. Соның бірі – «Beibars Bottlers» компаниясы. Америка Құрама Штаттарының әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясы ауданға қарасты Күмісбастау ауылында заманауи сусын өндіру зауыты салды.

Жаңа зауыттың жалпы аумағы – 5 565 шаршыметр. Өнім түрлері – RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз сусындар. Экспорт географиясы – Қазақстан мен Орталық Азия. Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Аталған жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Амангелді Нұровтың айтуынша, бұл зауытты салуға 9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Зауыттың жылдық қуаты 120 мың тоннаға дейін сусын өндіре алады. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылып, Қазақстан нарығынан бөлек, көрші елдерге де экспортталмақ.

– Бұл зауыттың ерекшелігі – заманауи неміс және италиялық технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Өндірісте пайдаланылатын су кәсіпорын маңындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, жоғары халықаралық стандарттарға сай тазартылып отырады. Бұл судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен. Күмісбастау ауылында ашылған зауытқа 100 ауыл тұрғыны тартылды. Бұл – ауыл экономикасының жандануына, тұрғындардың әлеуметтік ахуалының жақсаруына тікелей әсер етеді деген сенімдемін, – дейді компания өкілі.

Аталған жобаны іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес, зауыттың инфрақұрылымын жеткізу үшін 705 миллион теңгеге 6140 метрлік 35 киловат электр желісі мен қосалқы станция салынған. Сондай-ақ 25 миллион теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 миллион теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылған.

Жуырда осы жаңа зауыттың ашылу салтанаты ұйымдастырылып, оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысқан болатын. Аймақ басшысы зауыттың жабдықталуымен танысып, жұмысын жаңа бастаған кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізде кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өткен болатын. Бұл жоба – сол тапсырмалардың нақты орындалуының айғағы. Жергілікті әкімдік инфрақұрылымды жеткізіп, барлық қажетті қолдауды көрсетті. Ендігі міндет – сапалы өнім шығарып, оны тек ішкі емес, сыртқы нарыққа да ұсыну. Өңіріміздің дамуына үлес қосатын жобаның сәтті жүзеге асуына тілектеспін, – деді облыс әкімі.

Жаңа зауыттың ашылу салтанатына «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова, сондай-ақ жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысып, аталған жобаның Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетінін айтты.

Қорыта айтсақ, бұл зауыт – Түркістан облысының индустриалды-инновациялық даму стратегиясының нақты жемісі. Бұл – импортты алмастыратын, экологиялық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға негізделген заманауи өндіріс орны ғана емес, сонымен қатар инвесторлар сенімін арттыратын маңызды жоба.

Елу инвестициялық жоба іске асырылды
Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын маңызды жоба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу