Агросалаға салынған қаржы ел игілігіне жұмыс істеуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Бүгінде әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ал бұл ретте Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені еліміздегі жетекші орынға ие. Мемлекеттік аграрлық саланы ауқымды қолдауларының нәтижесінде, саланының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға еселеп артуда. Осы жылдың 8 айының өзінде салаға 125 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Жалпы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 487 миллиард теңгенің өнімін өндірілген. Ал өсім 100,1 пайызды құраған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін триллион теңгеден асады деп жоспарлануда. Өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдары жалпы құны 270,1 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іске асырылып, 2488 жұмыс орны ашылады деп көзделген. Биыл 1700 жұмыс орнымен 34 жобаны іске асыру жоспарланса, жыл басынан 22 жоба іске қосылып, 935 жұмыс орны құрылған.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы дақылдары жинау жұмыстары аяқталып келеді. Былтыр Түркістан облысында 872,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған болса, биыл 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарды құрады. Облыстың егіс алқаптарында астықты ору науқаны маусым айынан басталып, дән толық жиналған. Бүгінгі күнге 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша, 234 мың тонна картоп өнімдері жиналып отыр. Ал биыл мал азығы үшін 5,2 миллион тонна жем-шөп жинау жоспарланса, қазір 4,5 миллион тонна азық дайындалған. Бұл негізгі жоспардың 86 пайызын құрайды. Жалпы облыста жиын-терім жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға басымдық берілген.
Атап өтерлігі, республикада ауыл шаруашылығының өнімінің 14 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Мәселен, өткен 8 айда 487,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құраған болса, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 97,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе артқан. Жалпы биыл 3,3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтіліп отыр. Бүгінгі таңда 2,6 миллион тоннасы жиналған. Бұдан бөлек, өңірде жылыжайлардың көлемі 1715 гектарды құрайды. Жылыжайлардан 101,5 мың тонна көкөніс жиналған.
Сондай-ақ облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, мал шаруашылығы саласында төрт түлік басының өсуі байқалады. Осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара 1143,6 мың, қой-ешкі – 4947,6 мың, жылқы – 495,8 мың, түйе – 43,2 мың басқа жеткен. Ал құс саны 2566,4 мың басты құрады. Мал басының артуы ет және сүт өнімінің артуына алып келіп отыр. Атап айтсақ, сегіз айда 122,9 мың тонна ет, 368,8 мың тонна сүт, 176,9 миллион жұмыртқа өндірілген.
Республикада экспортқа шығарылатын мүйізді ірі қара етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Бір атап өтерлігі мал басының өсуі экспортқа шығарылатын өнімнің артуына әкелді. Тиісті кезеңде экспортқа 20,8 мың тонна мүйізді ірі қара, 13,4 мың тонна қой еті шығарылған. Сонымен қатар, ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 миллиард теңгені құрайтын ірі 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 31,5 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ. Бұдан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бағытында тауарлы сүт фермаларын ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта құны 6 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып, қосымша 20 мың тонна сүт өндірілмек.
Облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту жұмыстары да талапқа сәйкес қолға алынған. Бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде 17487 техника бар. Мемлекеттің арнайы бағдарламалары негізінде облыс агроқұрылымдары құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын 618 ауыл шаруашылығы техникасын тіркемелерімен алған. Осы техникалардың жұмылдырылуымен бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары жиналып отыр.






