Инвесторлардың көмегімен өнімділік арттырылуда

Oinet.kz 01-10-2025 12

IMG-20201026-WA0012-e1604040867361.jpg

Ақ алтынды мәпелеп өсірген жетісайлық диқандар үшін бүгінгі күні қауырт шақ. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, биыл 43,1 мың гектарға мақта егілген. Бұдан бөлек, аудан шаруалары шитті мақтадан бөлек 17 мың гектарға бақша, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азықтық дақылдар мен 261 гектар жерге картоп орналастырылып, бүгінгі күні 452,4 мың тонна бақша, 88,2 мың тонна көкөніс және 250 мың тонна мал азықтық дақылдарын жинаған.

Өткен жылы жетісайлық диқандар 41 мың гектар алқапқа мақта шитін сеуіп, 112750 тонна ақ ұлпа жинаған. Биыл енді ауданның шаруа қожалықтары 119,3 мың тонна өнім алуға ниетті. Өйткені, өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі аудан бойынша 5646 гектар жерге енгізілсе, оның 2600 гектары мақта дақылын өндірушілердің еншісінде. Сонымен қатар, биылғы күзгі дала жұмыстарына бөлінген 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отынына 100 пайыз өтінім тапсырылған.

«Өздеріңіз байқағандай, ауданымызда жалпы суармалы 79,3 мың гектар алқаптың 51 пайызы мақта дақылын баптауға берілген. Бұл алқаптар жергілікті агроқұрылымдардың күшімен игеріліп, Түрік және Қытай елдерінен әкелінген тұқымдық шит егілген болатын. Бүгінгі күні бұл алқаптың 41,9 мың гектары жиналып, одан 106525 тонна ақ алтын алынды. Бұл науқанға 715 тракторлар мен 897 ауыл шаруашылығы тіркемелері, 61 ОВХ пен 239 мақта терім машинасы жұмылдырылды» дейді аудан әкімі.

          Бүгінгі таңда диқандар өз өнімдерін жергілікті мақта өңдеу зауыттарына өткеруде. Еңбек адамдарының өндірген өніміне зауыт басшылығы тарапынан әділетсіздіктер жасалмауы үшін ауданда Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы жұмысшы топ құрылып, аталған мәселені өз бақылауларына алған. Бұл жұмысшы топтың мақсаты жоғарыда айтқанымыздай – техникалық дақылды егетін шаруалардың еңбегін бағалау және өнім жинауда орын алуы ықтимал заңсыздықтардың алдын алу. Сонымен аталған топ мүшелеріне аудандағы мақта өңдеу зауыттары мен мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразыларға тиісті бақылау жұмыстарын жүргізу міндеттелген.

Жұмыс тобымен бірге аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы бірнеше мақта өңдеу зауыттарында болып, талдау да жүргізді. Жалпы аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 53-і Жетісай ауданында, қалған 24-і Мақтарал ауданында орналасқан.

Өңір әкімі ауданда орналасқан мақта қабылдаушы зауыт басшыларымен кездесіп, шаруаларға өткізген мақтаның ақшасын уақытылы төлеп, созбалаңға салмауды, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін, заңсыздықтар орын алған жағдайда құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар көрілетіндігін қатаң ескертті.

Заманауи технологияларды енгізу өз нәтижесін беруде
Агросалаға салынған қаржы ел игілігіне жұмыс істеуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу