Заманауи технологияларды енгізу өз нәтижесін беруде

Oinet.kz 01-10-2025 12

макта.jpg

Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамытуға баса көңіл бөлінуде. Бұл саланы дамытуға бөлінген қаржы да аз емес. Бұл кластерді дамыту үшін облыста 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалардың жылдық өңдеу қуаттылығы 193 мың тоннаны құрайды. Жоба толық іске асырылған кезде 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектарға мақта дәнін сеуіп, баптап өсіруде. Аймақ басшысының сөзінше биыл 470 мың тонна шитті мақта жиналады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні мақта жинау науханы қызып тұр. Ал оны өңдейтін Түркістан облысында 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде.

– Мақта – өңіріміздің басты дақылы. Тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты ғана емес, мыңдаған отбасылардың тұрмысын түзеп, ауылдың әлеуетін көтеріп отырған берекелі өнім. Осы жолда маңдай терін төгіп жүрген диқандарымыздың еңбегі – нағыз құрметке лайық. Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді міндеттеп, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Шикізат өндіруден терең қайта өңдеуге көшу қажеттілігін ерекше атап өтті. Біз мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, өзіміздің тоқыма өнеркәсібімізді дамыту бағытында жұмыс істеудеміз. Бүгін мақта-тоқыма кластері бойынша алғашқы жобаның нақты жүзеге асырылуының куәсі болып отырмыз. Аталған кластердің жалғасы ретінде, «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары танымал брендтерде сатылатын болады. Осы озық тәжірибе аясында өңірімізде инвестиция тарту жұмыстары жалғасын табатын болады, – дейді аймақ басшысы.  

Түркістанда «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Толық циклды тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы (жіп иіру фабрикасы) осы жылдың қараша айында жұмысын бастағалы отыр. Оның жылдық қуаты 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата, 7 миллион жиынтық төсек орын шығаруға бағытталған.  

Ал облыс әкімі айтқандай, әкімдік тарапынан әрбір инвесторға қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасауда. Мәселен, Отырар ауданы мен Арыс қаласында инвестициялық жобаның аясында 32 мың гектар алқапқа жаңа технологиямен мақта дақылы орналастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – Президентіміз тапсырғандай су үнемдеу технологиясын мақта алқаптарына батыл енгізу. Осының нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50 пайызға төмендетіп, өнім көлемін  2-3 есеге арттыру. Қазіргі жаһандық су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды әрі дұрыс шешімекенін уақыттың өзі көрсетуде. Бұл жаңа әдіс қалыптасқан дәстүрлі мақта егу технологиясынан әлде қайда тиімді. Осы күнге дейін өңір диқандары бір гектар мақта алқабынан 25 центнерден өнім немесе 625 мың теңге пайда табатын болса, жаңа технологияны ендіру арқылы дәл сол бір гектар алқабтан 60 центнерден аста өнім жинау мүмкіндігі бар. Бұл Мемлекет басшысының оң стратегиясының айқын дәлелі.

Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Биылға жоспарланған 27 мың гектар орнына 59 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар 2 есе артығымен орындалды. Нәтижесінде, 150 миллион текше метрден астам ағын су көлемі үнемделген.

26,9 млн тонн зерновых намолочено в Казахстане
Инвесторлардың көмегімен өнімділік арттырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу