Түркістан: Айыппұл салу мақсат емес
Түркістан облысы Мақтаарал ауданы аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің алдын алу және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып, тәртіп сақшыларының кешенді жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Бұл рейдтің басты мақсаты – жолдағы тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру және көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру арқылы адам өмірі мен денсаулығын қорғау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жол-көлік апаттары мен олардың салдарын «ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер» ретінде атап өтіп, жол қозғалысына қатысушылардың тәртіпсіздігі мен жауапсыздығына қатаң тоқталған болатын. Президент өзінің тапсырмаларында жыл сайын мыңдаған адамның жол үстінде көз жұмуы немесе ауыр жарақат алуы — бүкіл қоғам үшін өте алаңдатарлық жағдай екенін айтып, бұл мәселені түбегейлі шешуді талап етті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтауға және дер кезінде шара қабылдауға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, автокөлікті мас күйде басқару, белгіленген жылдамдықты арттыру, жолдың қарама-қарсы бағытына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, рульде отырып ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді қауіпті әрекеттер қатаң бақылауға алынды. Бұл ретте полиция өкілдері жүргізушілермен ғана емес, жол қозғалысына қатысатын өзге де көлік құралдарын – мотоцикл, мопед, скутер, электросамокат сынды шағын көлік түрлерін тізгіндегендермен, әсіресе жасы кәмелетке толмаған балалармен де жеке профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Қауіпсіздік мақсатында жүргізілген рейдтің алғашқы нәтижелері құқық бұзушылық деңгейінің әлі де жоғары екенін көрсетті. Рейд барысында 600-ден астам жүргізуші түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде шамамен 100 көлік айыптұраққа қойылып, арнайы тексеруге алынды. Бұл – тек бір аудан көлеміндегі дерек, ал республика бойынша мұндай көрсеткіштер әлдеқайда жоғары екені белгілі.
Жол-көлік оқиғаларының көп жағдайда адам факторы – тәртіпсіздік, салғырттық, жауапкершілікті сезінбеу салдарынан орын алатыны жасырын емес. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі бағыты да – еліміздің әрбір азаматының өмірін сақтау, қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл жоба аясында жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтып, Ішкі істер министрлігіне, жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдарына жол инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің құқықтық мәдениетін арттыру міндетін қойған болатын. Жолдағы тәртіпке қатысты "нөлдік төзімділік" қағидатын енгізу, құқық бұзушылықтың кез келген түріне ымырасыз көзқарас – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғышарты екені де нақты айтылды.
Мақтаарал ауданындағы рейдтік шара да осы жалпыұлттық саясаттың аясында жүзеге асуда. Жергілікті полиция бөлімшелері тарапынан атқарылып жатқан бұл жұмыс тек жазалау сипатында емес, сонымен қатар түсіндіру, алдын алу, қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыру бағытында жүргізілуде. Қызметкерлер әрбір заң бұзушыға тек айыппұл салып қана қоймай, не үшін бұл ереже маңызды екенін, оның салдары қаншалықты ауыр болатынын түсіндіруге тырысады.
Осы ретте қоғам тарапынан да қолдау, ортақ жауапкершілік, тәртіпке құрмет талап етіледі. Өйткені жолдағы тәртіп – тек жүргізушіге емес, әрбір жолаушы мен жаяу жүргіншінің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Егер осы түсінік әр азаматтың санасына орнықса, онда жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтуға болады.
Президент Жолдауында атап көрсеткендей, еліміздің әр азаматының өмірі мен амандығы – мемлекет үшін басты құндылық. Сол себепті жолдағы әрбір тәртіп бұзу – тек әкімшілік құқық бұзушылық қана емес, ол – қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер. Ал бұл қатердің алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. «Қауіпсіз жол» секілді рейдтік іс-шаралар осындай түсінікті қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі болып қала береді.