«Жас ұрпақты теріс идеологиядан сақтау – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі»

Oinet.kz 01-10-2025 20

7.jpg 

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның кезекті жоспарлы отырысы өтті. Бұл жиын өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу бағытындағы кешенді іс-шаралардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді. Комиссия жұмысы – еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы маңызды тетіктердің бірі болып отыр. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, облыстық терроризмге қарсы комиссия мүшелері, құзырлы және құқық қорғау органдарының, тиісті департаменттердің басшылары, сондай-ақ аудан және қала әкімдері қатысты.

Комиссия отырысында күн тәртібіне сәйкес бірнеше маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Оңалту жұмыстарының барысы», «Қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі терроризм және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарының нәтижесі», «Келес ауданы, Біртілек ауылдық округінің Шұқырсай елдімекеніне қатысты мәселелер», сондай-ақ «2025 жылдың үшінші тоқсанында ТҚК қызметі саласындағы орындаушылық тәртіп туралы» тақырыптар аясында мазмұнды баяндамалар жасалып, нақты ұсыныстар мен сын-пікірлер ортаға салынды. Мәжіліс соңында сала жетекшілеріне, аудан мен қала әкімдеріне аталған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.

Бұл жолғы отырыс тек әкімшілік сипаттағы жиын емес, ел қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлердің алдын алу бағытындағы стратегиялық үйлестіру алаңы ретінде де айрықша мәнге ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында халықтың қауіпсіз өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өткен болатын. Осы орайда, терроризм мен діни радикализмге қарсы пәрменді саясат жүргізу, жастарды деструктивті ағымдардан сақтау және қылмыстық-атқару жүйесінде оңалту жұмыстарын жандандыру – еліміздің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты алғышарты.

Отырыс барысында қылмыстық-атқару мекемелерінде жазасын өтеушілер арасында діни сауаттылықты арттыру, оларды қоғамға бейімдеу және экстремистік идеологияның таралуына жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шаралар баяндалды. Бұл бағытта кешенді оңалту бағдарламалары енгізілген. Сонымен бірге, арнайы мамандар мен теологтар тартылып, тәрбиелік-профилактикалық жұмыстар күшейтілуде. Мұндай жұмыстардың тиімділігі тек жазасын өтеушілермен шектелмей, жалпы қоғамдағы діни тұрақтылыққа оң әсер етеді.

Айта кету керек, биылғы жылы облыс әкімінің төрағалығымен терроризмге қарсы комиссияның үш отырысы өткізілген. Сонымен қатар, ТҚК аппараты жанындағы жұмыс тобының 19 мәжілісі ұйымдастырылып, түрлі деңгейдегі үш семинар мен «Терроризмге жол жоқ!» атты кең көлемді ақпараттық акция өткізілген. Бұл шаралар халықтың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға, радикалды идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған.

Терроризм – заманауи әлемдегі ең қауіпті факторлардың бірі. Оның алдын алуда тек құқық қорғау органдары емес, жергілікті билік, діни бірлестіктер, білім беру ұйымдары және азаматтық қоғам белсенділері де жұмыла жұмыс істеуі қажет. Осы тұрғыда Түркістан облысында кешенді тәсілдер мен жүйелі үйлестіру жолға қойылған.

Мемлекет басшысы өз сөздерінде ел қауіпсіздігіне төнетін кез келген қатерге қарсы қатаң әрі нақты жауап берілуі тиіс екенін бірнеше рет атап көрсеткен. Оның ішінде, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте жұмсақ күш пен алдын алу шараларының маңызы ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Жас ұрпақты теріс идеологиядан сақтау – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі». Осы қағидатты ұстана отырып, еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да терроризмге қарсы күрестің кешенді моделі қалыптасып келеді.

Комиссия отырысында көтерілген мәселелердің барлығы қоғам қауіпсіздігіне тікелей байланысты болғандықтан, олардың орындалуы бақылауда болады. Әрбір деңгейдегі басшы мен қызметкер осы ортақ жауапкершілікті терең түсініп, нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес – уақытша емес, жүйелі әрі тұрақты жұмыс екенін қоғам да, билік те естен шығармауы керек. Бұл – ортақ мүдде, ортақ қауіпсіздік, ортақ болашақ.


Нөлдік төзімділік—құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі
Түркістан: Айыппұл салу мақсат емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу