Нөлдік төзімділік—құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бастамасын іске асыру аясында еліміздің барлық өңірлерінде қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты сақтау бойынша нақты шаралар қолға алынуда. Президент өз Жолдауларында экологиялық қауіпсіздік мәселелерін еліміздің стратегиялық басымдығы ретінде атап, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін экологияны жақсартудың маңызын үнемі баса көрсетіп келеді. Осыған орай, Түркістан қаласында да санитарлық тәртіп пен тазалықты сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Қала әкімдігі мен полиция басқармасы бірігіп ұйымдастырып жатқан рейдтік іс-шаралар қаланың тазалығын сақтауға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Әсіресе, соңғы уақытта қала маңындағы жазық жерлер мен табиғи бедерлі аймақтарды рұқсатсыз қоқыс тастайтын алаңға айналдыруға жол бермеу мақсатында, күндізгі ғана емес, түнгі уақытта да рейдтік бақылау күшейтілді. Бұл шаралар тек әкімшілік бақылау үшін емес, қала тұрғындарының құқықтық санасын арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін де маңызды болып отыр.
Жақында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті нысандарды аралау барысында қала шетінде заңсыз құрылыс қалдықтарын тасып жатқан жүк көлігін анықтады. Нысанға бірден учаскелік полиция инспекторлары шақырылып, құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы негізінде 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, құқық бұзушыға қалпына келтіру бойынша міндет жүктеліп, қоршаған ортаға келтірілген зиянды жою шарасы қабылданды. Бұл – құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатының нақты көрінісі.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері Түркістан қаласы аумағында қоғамдық орындарды ластау, рұқсатсыз қоқыс төгу және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 8 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 6273 дерек – қоғамдық аумақтарды ластауға, ал 2051 жағдай – абаттандыру талаптарын орындамауға қатысты анықталған. Бұл деректердің өзінен-ақ, экологиялық мәдениетті арттыру жұмыстарының қаншалықты өзекті екенін көруге болады.
Осы құқықбұзушылықтардың нәтижесінде көптеген жеке тұлғалар мен кәсіп иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбір жағдайларда олардың көліктері айыппұл тұрағына қойылған. Бұл бағытта тек жазалау ғана емес, құқықтық түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Қоғамның әрбір мүшесіне, әсіресе кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындарға қаланың тазалығы – ортақ міндет екені, рұқсатсыз әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғаны түсіндіріліп келеді.
Мұндай іс-шаралардың артында Мемлекет басшысы айтқан құқықтық сананы қалыптастыру және қоғамдық тәртіпке деген жоғары жауапкершілікті нығайту идеясы тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөздерінде: «Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік – дамыған қоғамның ажырамас бөлігі. Біз заң үстемдігін орнықтыру үшін алдымен әр азаматтың құқықтық мәдениетін көтеруіміз керек» деген болатын. Түркістанда қолға алынған тазалықты сақтау шаралары да осы ұстаныммен үндесіп жатыр.
Қала әкімдігі мен полиция басқармасы бірлесіп жүзеге асырып жатқан бұл бастама – тек тазалықты сақтау ғана емес, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, ортақ құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам. Бүгінгі таңда тек физикалық тәртіпке емес, сана мен мәдениетке бағытталған жұмыстарға сұраныс артуда. Сондықтан құқықбұзушылықпен күрес тек айыппұл салумен шектелмеуі тиіс, әр азаматтың бойында қоғамдық тәртіп пен заңға деген құрметті қалыптастыру арқылы ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізуге болады.
Алдағы уақытта да Түркістан қалалық әкімдігі мен полиция тарапынан тазалықты сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейту бағытындағы бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл – тек биліктің ғана емес, әрбір тұрғынның да ортақ міндеті. Тек бірге әрекет еткенде ғана біз заң мен тәртіп үстемдік құрған, қауіпсіз әрі таза қоғам қалыптастыра аламыз.