Мақсат—бизнес пен билік арасындағы сенімді нығайту

Oinet.kz 28-09-2025 11

5.jpg 

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын өткізілетін «Бірыңғай есеп беру күні» аясында Түркістан облысында да ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл жолғы жиын Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығында өтті. Оған облыс әкімдігі, прокуратура және экономикалық тергеп-тексеру органдарының басшылық өкілдерімен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік құрылымдар, қаржы ұйымдары мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Бұл бастама – мемлекет пен жеке сектор арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде қызмет атқарады.

Кездесудің басты мақсаты – билік пен кәсіпкерлер арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты нығайту, бизнес ортаны дамытуға қатысты мәселелерді бірлесе талқылау және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында заң үстемдігі мен әділетті қоғам құрудың басты тетіктерінің бірі ретінде кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау қажеттігін үнемі айтып келеді. Президент атап өткендей, “Бизнеске қарсы кез келген заңсыз әрекет – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс”.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау бағытында жасалып жатқан қадамдар туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, өңір экономикасын алға сүйрейтін басты күш – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл саланың қарқынды дамуы жұмыс орындарының көбеюіне, азаматтардың табысының артуына, демек, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тікелей әсер етеді.

«Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі драйвері. Түркістан – кәсіпкерлікке бейімделген, бизнес өкілдері көп шоғырланған өңір. Бүгінгі таңда 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес қызмет етеді. Әкімдік бизнес климатты жақсарту бойынша да бірқатар жүйелі қолдауларды іске асыруда. Облысымызда соңғы бір жылдың ішінде 11 индустриалды аймақ құрылып, қазіргі таңда индустриалды аймақтардың саны 20-ға жетті. Сондай-ақ өнеркәсіптік алаңы 1214 гектардан тұратын “Тұран” арнайы экономикалық аймағы бар. Экономикалық аймақта жұмыс істеймін деген кәсіпкерлер табыс, кеден, жер және мүлік салықтарынан босатылады. Бұл аймақтардан бөлек, Өндірістік парк жобасы жүзеге асуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 30,7 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылған. Өндірістік парктің 2 және 3 кезеңдері (29 ғимарат) бойынша құрылысы аяқталып, 70 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Сауран ауданында 71 гектар жерде жеке кәсіпкерлердің есебінен кәсіпті жүргізуге арналған 148 өндірістік ғимарат құрылуда. Қазіргі таңда осы тәжірибе аясында барлық аудан және қала аумағында шағын өндірістік парктерді құру жұмыстары жүргізілуде», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұл бастамалардың барлығы да еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып, отандық өндірісті дамытуға бағытталған. Инфрақұрылымдық қолдау, салықтық жеңілдіктер мен нақты инвестициялық платформалар – бизнесті дамыту үшін жасалып отырған тиімді жағдайдың айғағы. Бұл ретте Президент Қ.Тоқаев Жолдауында атап өткендей, “Кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіретін бюрократиялық тосқауылдарды жою – Үкіметтің, жергілікті әкімдіктердің және құқық қорғау органдарының басты міндеті”.

Кездесуде Түркістан облысы прокуратурасы Қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы Болат Жұмағалиев сөз сөйлеп, кәсіпкерлікті қорғау прокуратура қызметінің негізгі басымдығына айналғанын айтты. Ол инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік қысымды болдырмау және кәсіпкерлікті заңсыз тексерулерден қорғау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Прокуратура – заңдылықтың бұлжымас кепілі ретінде бизнеске қатысты кез келген заң бұзушылыққа жол бермеуді басты назарда ұстап келеді.

Сонымен қатар, Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов өңірге инвестиция тарту және кәсіпкерлерге жасалған қолдау тетіктері жайында баяндама жасап, облыстың инвестициялық әлеуеті мен ашықтығы туралы кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта инвесторлар үшін Түркістан өңірі – инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, қолайлы заңнамалық база бар, тұрақты даму бағытын ұстанған перспективалы аймақтардың бірі.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай өз кезегінде көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, заңсыз айналымдардың алдын алу және қаржы тәртібін сақтау бойынша жүзеге асқан шараларды баяндады. Сонымен бірге, Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де сөз алып, өз салаларындағы мәселелер мен оларды шешу жолдарын ұсынды.

Кәсіпкерлер үшін ең бастысы – тұрақты әрі әділетті жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ашық және болжамды орта. Осыған орай жиын барысында бизнес өкілдері нақты мәселелерді ашық көтеріп, оның шешілуіне мүдделі екенін көрсетті. Талқылау нәтижесінде тараптар арасында бірлескен іс-қимылдарды нақтылайтын хаттама түзіліп, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.

Заң мен тәртіп – ел дамуының негізі. Бұл ұстаным мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы өзара сенімді қарым-қатынасты орнатуда негізгі бағдар болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, “Заң мен тәртіп үстемдік құрған елде ғана әділеттілік пен тұрақты даму болады”. Осы қағидат негізінде Түркістан өңірінде де кәсіпкерлікке қолдау көрсету, құқықтық кеңістікті нығайту және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.


Түркістан облысында «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді
Нөлдік төзімділік—құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу