Түркістан: Тоқыма кластері --экономиканың маңызды тетігі
Түркістан өңірі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қатар дамытуда тың серпін алып отыр. Бұл өңір табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығына байланысты елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз аймақ саналады. Мақта шаруашылығы – Түркістан облысы үшін ғасырлар бойы негізгі табыс көздерінің бірі болып келген сала. Ендігі мақсат – тек шикізат өндіріп қана қоймай, оны өңдеу арқылы ішкі және сыртқы нарыққа қосылған құны жоғары дайын өнімдер шығару. Осы бағытта жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Түркістан Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған ауқымды тоқыма кластері.
Аталған жоба құрылыс кезеңінен бастап өңір басшылығының тікелей бақылауында тұр. Жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өндіріс орнының құрылыс барысымен арнайы барып танысты. Ол өз сөзінде жобаның стратегиялық мәнін атап өтіп, іске асыру қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін қатаң ескертті.
– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деді облыс әкімі.
«Turkistan Textile» жобасы тек тоқыма өндірісін ғана емес, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті өзара ұштастыратын кешенді құрылым ретінде ерекшеленеді. Жоба мақта шаруашылығын дамыту, өндірісті әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс экономикасына елеулі үлес қосады. Жалпы құны 86,5 миллиард теңгеге бағаланған кластердің іске қосылуы нәтижесінде 2300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл – өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған маңызды шешімдердің бірі.
Кластердің өндірістік құрылымы толық циклді қамтиды. Яғни, элиталық мақта тұқымын жергілікті жерде егу, шикізатты бастапқы өңдеу, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және соңында дайын өнімді сату – барлығы бір жерде шоғырланатын болады. Осындай жүйелі тәсіл арқылы облыста тек шикізат өндірумен шектелмей, оны дайын өнімге дейін жеткізетін өндірістік тізбек қалыптасады. Бұл өз кезегінде өңірдің ішкі жалпы өнімін (ІЖӨ) арттыруға, салықтық түсімдерді көбейтуге және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға жол ашады.
Түркістан облысында мақта шаруашылығы – көптеген ауылдардың әлеуметтік-экономикалық тірегі. Алайда бұрындары фермерлер көбіне мақтаны бастапқы өңдеуден кейін ғана сатуға мәжбүр болатын. Бұл – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қосымша табыс көзінің жоғалуына әкеліп соқты. Ал жаңа кластердің іске қосылуы жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін. Енді жергілікті фермерлер мақтаны өз аймағында тиімді бағамен өткізе алады, ал шикізат болса, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жабдықталған өндірістік кешенде толық өңдеуден өтіп, ішкі және сыртқы нарыққа дайын өнім ретінде жол тартады.
Айта кету керек, бұл өндірістік жобаға Қытайдың «Lihua Group» компаниясы қаржылық қолдау көрсетіп отыр. Халықаралық нарықта тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласындағы жетекші инвесторлардың бірі саналатын бұл компания жобаға қажетті инвестиция мен технологияны ұсынуда. Бұл әріптестік отандық өндіріс үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жоба шеңберінде өндірістік корпустардың және жұмысшыларға арналған жатақханалардың құрылысы аяқталуға таяу. Бірінші кезеңдегі өндіріс биылғы жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ал келесі кезеңдер 2026 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Бұл жобаның кезеңдік іске асырылуы өндірістік қуаттардың тұрақты дамуына, логистикалық және инфрақұрылымдық жүйелердің біртіндеп жетілдірілуіне мүмкіндік береді.
Жоба аясында заманауи технологияларға негізделген жіп иіру цехтары, маталарды бояу және өңдеу желілері, үлгілерді әзірлеу мен киім тігу бөлімдері жұмыс істейді. Кластерде шығарылатын өнімдер ішкі нарықтағы сұранысты қамтып қана қоймай, ТМД, Таяу Шығыс пен Еуропа елдеріне экспортталуы жоспарланып отыр. Бұл – Қазақстандық брендтің халықаралық нарықтағы танымалдығын арттырып, елдің экспорттық табысын көбейтетін маңызды бастама.
Тоқыма өнеркәсібі – әлемдік экономикада жоғары қосымша құн әкелетін салалардың бірі. Сондықтан Түркістан облысында осындай кешеннің бой көтеруі елдің тоқыма секторын жандандыруда жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Жоба өз деңгейінде іске асса, бұл бастама Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі табысты кластерлік модельдерінің біріне айналары сөзсіз.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуы, мамандардың кәсіби даярлығын арттыру, заманауи технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндігі – мұның бәрі әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қызмет ететін болады. Тиімді жобалар ауыл мен қала арасындағы экономикалық теңгерімді қалыптастырып, облыс дамуына ұзақ мерзімді мультипликативтік әсер береді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің ықпалдасуы – стратегиялық тұрғыдан өте өзекті бағыт. «Түркістан Текстиль» кластері осы ықпалдастықтың нақты көрінісі ретінде өңірдің экономикалық құрылымын жаңа деңгейге көтеруге негіз қаламақ.