Күн тәртібінде --бала құқығы, бала тәрбиесі

Oinet.kz 06-09-2025 15

3.jpg 

Түркістан қаласында кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау мен оларды кешенді қолдау мәселелері аясында маңызды жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыс барысында жасөспірімдердің білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті бағыттар жан-жақты талқыланды.

Басқосуда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау, қамқоршылықтағы және қорғаншылықтағы жеткіншектердің құқықтарын қорғау, жоғары сынып оқушыларын баспанамен қамту, сондай-ақ жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері күн тәртібіне енгізілді.

Жиын барысында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Төлімбет өңірдегі инклюзивті білім беру ахуалына тоқталды. Баяндамасында айтылғандай, бүгінде қала аумағында 38 мемлекеттік және 50 жекеменшік мектеп қызмет атқаруда. Арнайы қажеттіліктері бар балалардың оқу үрдісі әртүрлі бағдарламалар негізінде жүргізіліп келеді. Үйден оқытылатын 348 оқушы 34 мектепте білім алуда, ал қосымша 4 мектепте 33 бала арнайы оқу бағдарламасымен қамтылған.

Бұл оқушыларға жеке оқу жоспарлары мен арнаулы білім беру әдістемелері ұсынылады. Сонымен қатар, қалада ашылған инклюзивті білім беруге арналған ресурстық орталықтарда 16-22 білікті маман еңбек етуде. Олар 20-25 балаға тұрақты түрде түзете-дамыту бағытындағы сабақтар өткізіп, балалардың танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға барынша жағдай жасауда. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды қоғам мүшесі ретінде қалыптасуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасымен тікелей байланысты. Президент өз жолдауларында білім беру жүйесінде инклюзияны күшейтіп, әр балаға тең мүмкіндік беру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Жиында қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалардың тұрғын үй мәселесіне қатысты нақты мәліметтер де жария етілді. Бұл бағыт бойынша Түркістан қаласы Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Т.Үсенбаев баяндама жасап, 2019–2024 жылдар аралығында 308 жетім баланың баспанамен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Биылғы жылдың өзінде 44 балаға пәтер кілті табыс етілген. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік осал топтарға көрсетіп отырған нақты көмегінің бір көрінісі. Сонымен қатар, аталған санаттағы балаларға түрлі әлеуметтік жәрдемақылар, жоғары оқу орындарына білім гранттары және бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бұл да Мемлекет басшысының әлеуметтік мемлекет қағидатын басшылыққа алу саясатының нәтижесі.

Жиын барысында қыз балалардың репродуктивті денсаулығын сақтау, отбасылық құндылықтарды насихаттау және ерте жүктіліктің алдын алу жұмыстары туралы да кеңінен сөз қозғалды. Түркістан қаласындағы мектептер мен колледждерде «Қыз бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Қыздардың репродуктивті денсаулығы» және «Отбасын жоспарлау» тақырыптарында тұрақты түрде семинарлар өткізіліп келеді. 2024 жылы осы бағытта 4 семинар ұйымдастырылып, оған 490 оқушы қатысқан болса, 2025 жылы 15 семинар өткізіліп, 1080 жасөспірім қамтылған.

Одан бөлек, жиында жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің, соның ішінде алкоголь мен есірткі заттарына тәуелділіктің алдын алу мәселелері де кеңінен қаралды. Бұл бағытта білім беру мекемелерінде салауатты өмір салтын дәріптейтін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Спорттық үйірмелердің саны артып келеді, ал мектептер мен колледждерде профилактикалық шараларға ата-аналар да белсенді тартылуда. Түркістан облысы бойынша бұл бағытта бірқатар нәтижелі тәжірибелер жинақталып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда жастар арасында есірткіге тәуелділік көрсеткіші 7%-ға төмендеген. Бұл – жүйелі жұмыстардың нәтижесі.

Жалпы алғанда, балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау мәселесі – мемлекет деңгейінде ерекше назар аударылатын сала. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауларында әрдайым балалардың қауіпсіздігі мен амандығы, құқықтарының қорғалуы және сапалы білім алуы – ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтып келеді. Осыған орай Түркістан облысында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, өңірде 2023 жылы балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 96 іс-шара ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам бала түрлі әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау түрлерімен қамтылған.

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, олардың сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізуі, сондай-ақ әлеуметтік теңдігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмысты күшейту қажеттігін баса айтты. Түркістан қаласы мен облысы бұл бағытта Президент саясатының аясында жүйелі түрде жұмыс істеп келеді және алдағы уақытта да балалардың амандығы мен болашағы басты басымдық болып қала бермек.


Түркістан: Тоқыма кластері --экономиканың маңызды тетігі
Түркістан: Заңсыздыққа бақылау күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу