Нұралхан Көшеров: Бұл – халыққа жақын болудың нақты үлгісі

Oinet.kz 04-09-2025 10

1.jpg 

Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында маңызды қадам жасалды. Жедел медициналық жәрдем қызметін заманауи талаптарға сай жабдықтау бағытында 60 дана жаңа санитарлық автокөлік сатып алынып, аймақтағы емдеу мекемелеріне үлестірілді. Бұл мақсатқа жұмсалған қаражат көлемі 4,2 миллиард теңгеден асып отыр.

Жаңа медициналық автокөліктер толықтай заманауи медициналық құралдармен қамтылған. Арнайы жобаланған көлік ішіндегі құрылғылар ересектерге де, 1 жастан асқан балаларға да жедел әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жабдықтар құрамына портативті өкпені жасанды желдету аппараттары, дефибрилляторлар, жүрек пен өкпеге реанимациялық көмек көрсетуге арналған жиынтықтар, сондай-ақ электрокардиографтар кіреді. Бұл техника кез келген төтенше жағдайларда алғашқы көмекті тиімді әрі дер кезінде көрсетуге жағдай жасайды.

Облыс аумағындағы барлық аудан мен қалаға теңдей таратылған бұл көліктер шұғыл медициналық көмек көрсету жылдамдығын едәуір жақсартады. Шалғай ауылдар мен жол-көлік инфрақұрылымы әлсіз аумақтар үшін бұл – нақты қолдау. Жаңа техниканың есебінен жедел жәрдем шақыруларға уақытылы жету мәселесі біршама шешімін табуы тиіс.

Автокөліктерді тапсыру салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең қымбат құндылық» деген ұстанымына негізделгенін айтты. Облыс басшысы өз сөзінде:
– Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Денсаулық сақтау саласын дамыту – біздің басты міндетіміз. Бүгін табысталып отырған көліктер дәрігерлеріміздің күнделікті еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартады. Бұл – халыққа жақын болудың нақты үлгісі. Бұл көліктер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Адал еңбекпен халық алдындағы абыройларыңыз арта берсін, – деді.

Соңғы жылдары Түркістан өңірінде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда облыс орталығы Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталу алдында тұр. Бұл емдеу мекемесі іске қосылған жағдайда 1200-ден астам білікті медициналық маман жұмысқа орналасады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қорымен әріптестік аясында 80 төсекке арналған заманауи перзентхана бой көтеруде. Бұған қоса, 60 орындық оңалту орталығының құрылысы да аяқталу сатысында. Бұл мекемелер өңір халқының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етпек.

Облыс бойынша ірі денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары да қарқын алып отыр. Мәселен, Сарыағаш ауданында 300 орындық көпбейінді медициналық кешен, ал Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталық салу бойынша жобалар дайындалды.

Ордабасы, Жетісай және Сарыағаш аудандарындағы орталық ауруханаларға жалпы сомасы 4,1 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Сайрам аудандық ауруханасында құны 3,1 миллиард теңге болатын күрделі жөндеу басталған. Бұл нысандар толық жаңғыртылған жағдайда, өңірдегі емдеу сапасы мен медициналық қызмет көрсетудің деңгейі едәуір артады деп күтілуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауданаралық ауруханалар магнитті-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ), ангиограф секілді жоғары технологиялы құрылғылармен қамтамасыз етілетін болады.

Түркістан облысының демографиялық өсімі мен урбанизация қарқыны медициналық қызметке деген сұранысты жыл сайын арттырып отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2023 жылдың алғашқы 8 айында өңір бойынша жедел жәрдем қызметіне 512 мыңнан астам шақырту тіркелсе, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 635 мыңға жеткен. Бұл – бір жылдың ішінде 123 мың шақыртуға көбейгенін көрсетеді.

Осы қажеттілікті ескере отырып, былтырғы жылы да жергілікті билік 88 дана санитарлық автокөлік сатып алған болатын. Бұған қоса, нәрестелерге арналған арнайы 2 дана реанимобиль де алынған. Бұл – шала туған немесе ауыр жағдайда туылған сәбилерге кәсіби және дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа медициналық автокөліктердің паркке қосылуы жедел жәрдем қызметінің жауап беру уақытын қысқартып, әсіресе алыс елдімекендер мен медициналық қолдауға мұқтаж аудандардағы тұрғындар үшін нақты нәтиже бермек. Медициналық көмекке жедел жету – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтаудағы басты факторлардың бірі екенін ескерсек, бұл бастама әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді шешім болып отыр.

Түркістан облысы соңғы жылдары тек медицина саласында ғана емес, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан да қарқынды өсім көрсетуде. Облыста жаңа мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, жолдар мен инфрақұрылым нысандары бой көтеріп жатыр. Осы өзгерістердің барлығы өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Денсаулық сақтау – мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыты. Бұл саладағы әрбір инвестиция – болашаққа салынған капитал. Түркістан облысында қолға алынған медициналық жобалар мен бастамалар – халық игілігіне қызмет ететін өміршең істердің айғағы.


Алаяқтықтың 70 пайызы интернет арқылы жасалады
Түркістан: Тоқыма кластері --экономиканың маңызды тетігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу