МӘМС--өмір сүру сапасына бағытталған маңызды қадам

Oinet.kz 21-08-2025 22

1.jpg 

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында денсаулық сақтау саласын реформалау жалғасуда. 2027 жылдан бастап елде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы қол қойған Заңға енгізілген өзгерістер осы бағыттағы маңызды қадам болып саналады. Жаңартылған жүйе медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халықты қамту аясын кеңейтуге негізделген. Ең бастысы – бұл реформалар медициналық қызметтерді қаржыландыруда ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа заңға сәйкес, бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек пакеті енгізіледі. Бұл пакет халықтың қажеттіліктері мен бюджеттің мүмкіндіктері ескерілген түрде жасақталады. Осы арқылы денсаулық сақтау жүйесі тұрақты, әділ әрі барлық тұрғындар үшін қолжетімді болмақ. Медициналық сақтандыру жүйесі әрбір азаматтың қажетті медициналық көмекті дер кезінде және сапалы түрде алуына мүмкіндік береді. Бұл реформа халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылуда.

МӘМС жүйесінің негізгі артықшылықтарының бірі – қаржыландырудың нақты әрі тұрақты көзінің қалыптасуы. Жаңа үлгі бойынша, денсаулық сақтау саласының шығындарын қаржыландыру құрылымы өзгермек: 65 пайыз көлеміндегі шығын МӘМС жүйесі арқылы, ал қалған 35 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен жабылады. Бұл әдіс арқылы мемлекет пен азаматтар арасында жауапкершілік теңдей бөлінеді, ал медициналық қызметтерге қол жеткізуде әділеттілік қағидаты қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бұл реформа халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттырып, медициналық мекемелердің жұмыс сапасын жақсартуға жол ашады.

Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жай-күйі мен алдағы жоспарлар талқыланды. Кеңес барысында өңір басшысы салаға жауапты басқарма басшыларына кіріс басқармаларымен бірлесе отырып жұмысты күшейтуді тапсырды. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі де айтылды. Әкім бұл бағыттағы бастамалар тек техникалық сипаттағы өзгеріс емес, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды реформа екенін баса айтты.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов өз баяндамасында облыстағы сақтандыру жүйесінің ағымдағы жағдайы мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың МӘМС жүйесіне қатысуы оларға тікелей пайда әкеледі. Сақтандырылған азаматтар тегін медициналық көмектің кеңейтілген түрлеріне қол жеткізе алады, оның ішінде консультативтік-диагностикалық қызметтер, күрделі операциялар мен қымбат зертханалық тексерулер бар. «Бұл бастамалар 2027 жылдан бастап қаржыландырудың сақтандыру үлгісіне басымдық беруге мүмкіндік жасайды. Денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын қаржыландыруды 65% – МӘМС жүйесі есебінен, 35% – мемлекеттік бюджет есебінен жүргізу енгізілмек. Бұл үлгі халықтың барлық санатына медициналық көмекті әділ және теңдей қолжетімді етуді көздейді», – деді Бахыт Исмаханбетов.

Мемлекеттік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде халықты сақтандыру деңгейі де артып келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Түркістан облысы тұрғындарының 83 пайыздан астамы сақтандырылған. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 95 пайызға жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл мақсатқа жету үшін облыс аумағында тұрғындармен тікелей байланыс, түсіндіру және ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізілмек.

2026 жылдан бастап іске қосылатын «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» де осы жүйенің маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Жаңа заңға сәйкес, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне медициналық ұйымдардың қызметіне жедел араласу және өрескел заң бұзушылықтарға сотқа жүгінбей шара қолдану құқығы берілмек. Бұл өз кезегінде медициналық ұйымдардың қызмет сапасын арттырып, пациенттердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Денсаулық сақтау саласында жауапкершілік пен бақылау тетіктерінің тиімділігін арттыру — жаңа реформаның басты қағидаларының бірі.

МӘМС жүйесі – тек қаржылық құрал емес, сонымен қатар халықтың денсаулығын кешенді қорғауға бағытталған әлеуметтік механизм. Бұл жүйе арқылы мемлекет пен азаматтың арасындағы жауапкершілік бөлісіліп, әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандырылады. Сақтандырылған азаматтар уақытылы тексеруден өтіп, аурулардың алдын алуға, сондай-ақ созылмалы ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде медициналық көмекке кететін жалпы шығындарды азайтып, ұзақ мерзімді оң нәтиже береді.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан осы реформалар – денсаулық сақтау саласын жаңғыртудағы маңызды кезең. Халықтың сақтандыру жүйесіне белсенді қатысуы – олардың медициналық қызметтерге толық қол жеткізуінің кепілі. Осы орайда облыс әкімдігі мен тиісті мекемелердің негізгі мақсаты – халықты жан-жақты ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және медициналық қызметтерді барынша қолжетімді ету болып отыр.


«Мектепке жол» акциясы аясында 500-ден астам бала қолдауға ие болды
Түркістан: Тартылған инвестиция 133,8 пайызға жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу