Түркістан: Тартылған инвестиция 133,8 пайызға жоғары

Oinet.kz 21-08-2025 19

2.jpg 

Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды дамыту мен өңір экономикасының әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша аймаққа 694,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133,8 пайызға жоғары. Тартылған қаражаттың 72,3 пайызын жеке инвесторлар құрайды. Бұл – кәсіпкерлік сектордың аймақ дамуына деген қызығушылығы мен сенімінің артқанын көрсетеді.

Өңірге құйылған инвестиция көлемінің ұлғаюы өндірістік жобалардың іске асырылуымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда Түркістан облысында бірнеше ірі өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған кәсіпорындар – мақта, күріш, өсімдік майын қайта өңдейтін зауыттар іске қосылуға жақын. Сонымен қатар, сүт өнімдерін шығаратын өндіріс орны мен ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы қолға алынған. Бұл жобалар тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де ұлғайтпақ.

Өңірдің индустриалды-инновациялық даму бағыты бойынша қолға алынған келесі жобалар да ел экономикасының стратегиялық салаларына тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығына қажетті биологиялық ыдырайтын полиэтилен және крахмал негізіндегі пластикалық бұйымдарды шығаратын кәсіпорын құрылмақ. Сонымен қатар, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты, тамшылатып суару жүйесін өндіретін өндіріс, автоматтандырылған кірпіш зауыты, сондай-ақ металл конструкциялары мен бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың құрылысын бастау көзделіп отыр. Бұл бастамалар Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құрып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысында осы және өзге де жобалардың жүзеге асу барысы кеңінен қаралды. Жиында әкім жобалардың әрқайсысын жеке-жеке қарастырып, инвесторлармен тікелей диалог орнатты. Ол жобаларды іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді ашық айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім атап өткендей, әрбір аудан мен қала әкімдері, басқарма басшылары инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек.

"Әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары әрбір инвесторға нақты көмек көрсетіп, жобаларды толық сүйемелдеуі тиіс. Инвесторлар да өз кезегінде жобаларды мерзімінде іске асыруға жауапты", – деді Нұралхан Көшеров.

Инвестициялық штаб отырысында жобалардың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі де назардан тыс қалған жоқ. Түркістан облысы басшысы стратегиялық маңызы бар жобаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Инфрақұрылым мәселесі шешілген жағдайда өндірістік қуат артатыны, нәтижесінде жаңа жұмыс орындарының ашылатыны және өңір экономикасының жедел қарқынмен дамитыны атап өтілді. Түркістан облысы – агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары, еңбек ресурстары мол және географиялық орналасу тұрғысынан да инвесторлар үшін тартымды өңір. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өңірлік экономиканы жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.

Жиында жүзеге асып жатқан басқа да жобалардың жай-күйі сараланды. Оның ішінде іске қосылу мерзімінен кешігіп жатқан жобалар бойынша тиісті шаралар қабылдау керектігі айтылды. Әсіресе Түркістан қаласында қуаттылығы 27,6 мегаватт болатын газпоршенді жылу электр станциясының құрылысын жеделдету қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұл станция өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, өнеркәсіп орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвестициялық саясат жүйелендіріліп, өңірлік штабтың жұмысы жандана түсті. Соңғы айларда бірқатар жаңа жобалар іске қосылып, инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізілуде. Түркістан облысына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар бұдан әрі де күшейтіледі. Жергілікті билік тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасау – басым бағыттардың бірі. Мұндай жүйелі қолдау инвестициялардың тұрақты өсуіне, жаңа технологиялардың келуіне және өндірістік әлеуеттің артуына негіз болуда.


МӘМС--өмір сүру сапасына бағытталған маңызды қадам
Түркістан: Мектептегі буллингке қарсы жаңа бастама қолға алынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу