Тұрақтылықты сақтау -- бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі

Oinet.kz 17-08-2025 15

6.jpg

Түркістан облысында қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтау, азаматтық келісімді нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты тек қағаз жүзіндегі ұстаным емес, ол – нақты іс-қимыл арқылы жүзеге асуы тиіс тұжырымдама. Бұл бастама билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген байланысты нығайтып, қоғамдық мәселелерді уақытылы анықтап, оның шешу жолдарын заң шеңберінде айқындауға жол ашады.

Осы ұстаным аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Отырар ауданына арнайы іссапармен барып, өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай мен тұрақтылықты сақтау шараларын талқылау мақсатында көшпелі отырыс өткізді. Басқосуда жергілікті билік өкілдерімен, қоғам белсенділерімен және сала мамандарымен бірге ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жергілікті деңгейде жүзеге асыру жолдары жан-жақты қаралды.

Жиын барысында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының бастамаларына сәйкес халықпен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын баса айтты. Ол өз сөзінде:

«Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алып, халықпен тығыз байланыс орнату және көтерілген мәселелерді дер кезінде назарға алып, заң аясында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру керек», – деп атап өтті.

Бұл мәлімдеме билік өкілдерінің қоғамдағы әрбір азаматтың пікірін ескеріп, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау жолында ашық әрі әділ тәсілмен жұмыс істеуге ниетті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Себебі тұрақтылық пен қоғамдық келісім – тек құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Кездесу кезінде Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Жұмашбеков пен Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов өз бағыттары бойынша баяндама жасап, аудандағы ішкі саяси ахуал, этносаралық қатынас, діни тұрақтылық пен азаматтық қоғам институттарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Әлеуметтік желілердегі ахуал, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелер және ақпараттық саясаттың бағыты да назардан тыс қалмады.

Жиында заң мен тәртіптің сақталуы, мемлекеттік саясаттың тұрақты орындалуы, қоғамдық процестердің заң шеңберінде реттелуі қажет екендігіне ерекше мән берілді. Қоғамдық тұрақтылық – мемлекеттің ішкі қауіпсіздігінің тірегі ғана емес, экономикалық даму мен әлеуметтік әл-ауқаттың алғышарты. Осы ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылықты сақтау, тұрғындардың пікірін ескере отырып, диалог алаңдарын кеңейту – жергілікті биліктің тұрақты атқаратын міндетіне айналған.

Түркістан облысы әкімдігі осындай ашық диалогтар арқылы ел ішіндегі келісімді бекемдеуді көздеп отыр. Жиын қорытындысында Ертай Алтаев өңірдегі қоғамдық ахуалды жақсарту, түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнату, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар міндеттерді жүктеді.

Өңірлік деңгейдегі мұндай көшпелі отырыстар елді мекендердегі нақты жағдаймен танысып, жергілікті халықтың түйткілді мәселелерін тікелей өз аузынан естуге мүмкіндік береді. Бұл – «халықпен бірге болу», «тыңдау және әрекет ету» қағидаттарының шынайы көрінісі. Облыс әкімдігі мен аудандардағы билік өкілдері үшін қоғамның әр мүшесінің сенімін ақтау – басты мақсат болып қала береді. Ел ішіндегі тұрақтылық пен тәртіп – тек күштік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ құндылығы екені ескеріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.


Заңның үстемдігі—басты қағидат
Тәртіп пен заңдылық--әділдіктің кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу