Тәртіп пен заңдылық--әділдіктің кепілі

Oinet.kz 19-08-2025 87

533682957_1089580693360831_8435288893900424024_n.jpg

Қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттіліктің негізгі тірегі. Бұл қағидат елдің әрбір өңірінде, соның ішінде Түркістан облысында да нақты іске асып келеді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, көлік ағынын бақылау және заңсыз тасымалдың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Түркістан өңірі стратегиялық көлік дәлізі ретінде маңызды аймақ болғандықтан, мұнда автожол желілерінің жағдайы мен көліктік бақылау мәселесі басты назарда.

Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы қазіргі таңда 17 466,4 шақырымға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш аймақтың ауқымды көлік желісіне ие екенін айғақтайды. Жолдардың бөлінісі мынадай: республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым, облыстық деңгейдегі жолдар – 4 045,9 шақырым, аудандық маңыздағы жолдар – 1 760,6 шақырым, ал жергілікті маңызы бар жолдар 10 936,8 шақырымды құрайды. Осы бағытта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыр жүк көліктерінің заңсыз әрекеттерін болдырмау және жол жүктемесін бақылау – Түркістан облысы әкімдігі мен уәкілетті органдардың басты міндеттерінің бірі.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңірлік көліктік бақылау саласындағы жұмыстардың жай-күйі сараланып, алдағы кезеңдерге арналған нақты тапсырмалар берілді. Жиын барысында аймақ басшысы көлік тасымалы саласындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау қажеттігін атап өтіп, барлық тиісті органдардың үйлесімді жұмыс жүргізуін талап етті.

«Кешенді жұмыс атқарыңыздар. Жұмыс тобын құрып, рейдтік жұмыстарды күшейту қажет. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын мерзімінде орнатуды тапсырамын. Жер қойнауын пайдаланушылармен тығыз жұмыс істеңіздер. Пайдалы қазбалар өндіретін кен орындарынан шығатын жүк көліктеріне қатаң бақылау жүргізу керек. Теміржол және су көлігі инспекциясының жұмысын назардан тыс қалдырмаңыздар. Заңсыздыққа жол жоқ», – деді Нұралхан Көшеров.

Жиын барысында облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ербол Ахметов 2025 жылдың басынан бері жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, инспекция қызметкерлері күндіз-түні кезекшілік атқарып, жүк тасымалымен айналысатын көлік құралдарына және шаруашылық субъектілеріне қатысты тексеру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Жоспарлы және жоспардан тыс бақылау іс-шаралары барысында заңбұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылдануда.

Жылдың алғашқы алты айында облыс аумағымен өткен автокөліктерден алым ретінде 351 миллион теңге жоспарланса, нақты түсім 419,9 миллион теңгеге жетіп, жоспар 120 пайызға орындалды. Бұл – өңірлік көліктік бақылаудың тиімділігінің нақты көрсеткіші. Осы аралықта 5 053 көлік құралы тексеріліп, олардың 1 890-ы шетелдік тасымалдаушылар, 3 163-і отандық көлік компанияларына тиесілі болған. Нәтижесінде, жылжымалы көліктік бақылау бекеттері арқылы 1 116 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, жалпы сомасы 31,7 млн теңгеге айыппұл салынған. Оның 30,6 млн теңгесі нақты өндірілді.

Аймақта ауыр жүк көліктерінің салмақтық параметрлерін автоматтандырылған негізде бақылау жұмыстары да жолға қойылып отыр. Биылдың өзінде облыс аумағында 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда олардың екеуі іске қосылып, нақты жұмыс атқаруда. Ал Арыс қаласы аумағында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастамасымен шілде айында тағы 2 өлшеу бекеті пайдалануға берілді. Бақылау нәтижесінде 874 заң бұзушылық дерегі тіркеліп, 456 ескерту нұсқамасы берілген. Жалпы сомасы 484,5 млн теңгеге айыппұл салынып, қазіргі таңда 43,3 млн теңге өндірілген.

Аймақтағы заңсыз жүк тасымалының алдын алуда жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тасымалданатын жүктің салмағына бақылау жасау – маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда облыс аумағында 110 карьер жұмыс істейді. Осы бағыттағы бақылау шаралары аясында Сайрам ауданы мен Түркістан, Арыс қалаларында рейдтік іс-шаралар өткізіліп, 686 самосвал тексеруден өтті. Бұл шаралардың нәтижесінде 210 әкімшілік хаттама толтырылып, 15,8 млн теңгеге айыппұл салынған. Айыппұлдың 15,5 млн теңгесі бюджетке толық өндірілді.

Облыс көлеміндегі тәртіп пен заңдылықтың сақталуы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымының ұзақ мерзімділігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан көліктік бақылау инспекциясы мен жергілікті билік өкілдері аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюды әрі қарай жалғастырады. Көлік тасымалы саласында орын алуы мүмкін қауіп-қатерлерді болдырмау, ауыр жүктің жол төсемелеріне зиян келтіруінің алдын алу және көліктік тәртіпті қамтамасыз ету – өңірлік деңгейде тұрақты бақылауға алынған.


Тұрақтылықты сақтау -- бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі
Ана мен бала құқығы-басты құндылық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу