Заңның үстемдігі—басты қағидат

Oinet.kz 17-08-2025 15

5.jpg

Қазақстан Республикасы заң үстемдігін басты қағидат ретінде ұстанатын құқықтық мемлекет ретінде жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыр жүк көліктерімен жол қозғалысы ережелерін бұзу, табиғи ресурстарды тиісті рұқсатсыз тасымалдау секілді құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік ұстанымын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бағытта облыстарда да нақты шаралар қабылданып жатыр.

 Түркістан облысында да заңсыз жүк тасымалы мен жер қойнауын рұқсатсыз игеруге қарсы бақылау жұмыстары соңғы уақытта айтарлықтай күшейтілді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтың бастамасымен бұл мәселе бірнеше мәрте облыстық деңгейде өткен жиындарда қаралып, тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктелген болатын.

Сол тапсырмалар аясында бүгін Түркістан облысы әкімдігінің үйлестіруімен, облыстық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Жергілікті полиция қызметі және Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері бірлесіп, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған бағытындағы тас жол бойында рейдтік шара өткізді. Бұл кешенді іс-шараның мақсаты – өңірдегі заңсыз жүк тасымалын болдырмау, рұқсат құжаттарынсыз жер қойнауын пайдалану әрекеттерінің алдын алу, сондай-ақ жолдарды ауыр жүк көліктерімен шамадан тыс тоздырудың алдын алу.

Бақылау барысында екі бірдей Howo маркалы ауыр жүк көлігі тексеріліп, олардың құжаттарында заң талаптарына сай келмейтін бірқатар бұзушылықтар анықталды. Аталған көліктер дереу Сауран ауданының айыппұл тұрағына қойылды. Сонымен қатар облыстық көліктік бақылау инспекциясының мамандары тасымалданған жүктің салмағын арнайы өлшеу құрылғылары арқылы тексеріп, шамадан тыс салмақпен жүрген көліктерге ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырып, айыппұл салды.

Жүк көліктерімен шамадан тыс тасымал жасау – тек жол қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар мемлекет меншігіндегі автожолдардың сапасына айтарлықтай зиян келтіретінін ескере отырып, Түркістан облысы әкімдігі бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Бұған дейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров өзінің аппарат жиналыстарында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау мен алдын алуға қатысты бірнеше рет сын айтып, тиісті құрылымдарға нақты міндеттер жүктеген болатын. Жер қойнауын заңсыз пайдалану – бұл тек экономикалық шығын ғана емес, бұл — табиғатты тонау, болашақ ұрпақтың құқығын бұзу. Мұндай әрекеттерге тосқауыл қою үшін барлық аудан, қала әкімдері мен салалық басқарма басшылары бақылауды күшейтіп, нақты шаралар қабылдауы тиіс. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүйелі жұмыс атқару қажет. Облыс басшылығының осы ұстанымына сәйкес, қазіргі таңда Түркістан өңірінде жер қойнауын заңсыз пайдалану мен заңсыз тасымал әрекеттерін анықтауға бағытталған рейдтер тұрақты негізде өткізіліп келеді. Мұндай шаралар әсіресе Сауран, Кентау, Түлкібас, Сарыағаш, Қазығұрт сынды аудандарда жүйелі түрде қолға алынған.

Рейдтер барысында инспекторлар тарапынан тексерілетін басты бағыттардың қатарында – тасымалданатын жүктің заңды шығу көзіне қатысты құжаттардың болуы, рұқсат қағаздарының толықтығы, көліктің техникалық жағдайы және жалпы тасымал ережелеріне сәйкестігі бар. Сонымен қатар салмақтық нормадан асып кеткен жүктің кесірінен автожол жамылғысының бұзылып, тұрғындар мен өзге жүргізушілер үшін қауіпті жағдай туындайтыны да ескеріледі.

Облыс әкімдігі мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алуға тек мемлекеттік органдар ғана емес, жергілікті қоғамдастық та белсенді атсалысуы тиіс екенін алға тартады. Себебі қоғамдық бақылау мен белсенді тұрғындардың араласуы – ашық қоғамның негізі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, табиғи ресурстарды рұқсатсыз пайдаланған тұлғаларға қатысты қатаң шара қолданылып, кінәлілердің ісі сотқа дейін жеткізіледі.

Жүргізіліп жатқан рейдтік шаралар нәтижесінде өңірде жүк тасымалына байланысты құқықбұзушылықтар саны айтарлықтай төмендеп келе жатқаны байқалады. Алайда бұл – біржолғы жұмыс емес. Рейдтер мен бақылау шаралары облыс аумағында алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Түркістан облысы әкімдігі мен құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жүргізіп, азаматтардың заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету жолында тиісті барлық мүмкіндіктерді пайдалануға ниетті. Заң бұзған жүк тасымалдаушыларға ешқандай жеңілдік болмайды. Ел игілігін заңсыз иемденуге жол берілмейді.


Әрбір білім ұясы толықтай қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы керек
Тұрақтылықты сақтау -- бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу