Әрбір білім ұясы толықтай қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балалардың құқықтарын қорғау, оларға қауіпсіз орта қалыптастыру, білім мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйелерін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің нақты тапсырмасына сәйкес, елімізде барлық білім беру ұйымдарын 100% қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бастама – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың маңызды бір бөлігі.
Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, оқу орындарын қауіпсіздік құрылғыларымен жабдықтау және оларды құқық қорғау органдарының Жедел басқару орталығына қосу шаралары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ата-аналар мен мемлекет алдындағы ортақ жауапкершілік екені ескеріліп, бұл жұмыс облыс деңгейінде ерекше бақылауға алынған.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен арнайы дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Бағланбек Айтпаев пен Мұрат Естемесов, сонымен қатар облыстық цифрландыру басқармасының өкілдері мен байланыс операторлары қатысты. Кездесу барысында білім беру мекемелерінде орнатылып жатқан қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігі, олардың Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылу барысы және туындап отырған мәселелер талқыланды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 1400-ден астам балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 175-і – мемлекеттік, 646-ы – жекеменшік. Мемлекеттік балабақшалардың арасында бала саны 100-ден асатын мекемелерде бейнебақылау жүйесін орнату міндеттелген. Бұл – мектепке дейінгі мекемелерде де баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Балаларға қолайлы әрі қорғалған орта жасау – қоғамның әр мүшесінің борышы екені анық.
Қазіргі уақытта 15 мемлекеттік балабақша облыстық цифрландыру басқармасының бюджеті есебінен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Ал жекеменшік балабақшалар өз қаржылары есебінен бұл жұмысты іске асыруда. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында бұл үрдіс жалғасып жатыр.
Орта білім беру ұйымдары бойынша да нақты ілгерілеушілік бар. Облыстағы 1300-ге жуық мектептің ішінде қазіргі таңда мемлекеттік мектептердің 98%-ы ЖБО-мен байланыстырылған. Бұл — балалардың қауіпсіздігін бақылауда ұстауға, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш. Колледждерде бұл жұмыс 85 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдарына дабыл түймелері толық орнатылып, турникет жүйелері мен күзет қызметтері де іске қосылған. Яғни, Түркістан облысында білім беру нысандарын кешенді қорғау және бақылау жүйесін енгізу ісі ауқымды әрі мақсатты түрде жүріп жатыр.
Жиын барысында Бейсенбай Тәжібаев бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, тиісті мекемелер мен құрылымдардан бақылауға қосылмаған ұйымдар бойынша шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдауды талап етті.
"Бала қауіпсіздігі – біздің ең басты міндетіміз. Әрбір білім беру ұйымы толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы тиіс. Жедел басқару орталығына қосылмаған мекемелердің мәселесін созбалаңға салмай, ең қысқа мерзімде шешуіміз қажет. Бұл – ата-аналардың сенімі мен балалардың алаңсыз білім алуына кепілдік беретін басты шарт. Сондықтан барлық жауапты органдар үйлесімді жұмыс жасап, техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерді дер кезінде жою керек", – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыруда барлық мүдделі тараптардың – білім беру саласының, құқық қорғау органдарының, цифрландыру басқармасының және байланыс операторларының – өзара үйлесімді әрекеті маңызды екені ерекше атап өтілді. Баланың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, сапалы білім алуы – оның заңмен кепілдендірілген құқығы ғана емес, бұл қоғамның өркениеттілігінің айғағы.
Облыстық білім басқармасы, Полиция департаменті мен цифрландыру басқармасы бірлесіп жасаған үшжақты жоспар шеңберінде бұл жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Кезең-кезеңімен іске асып жатқан шаралар нәтижесінде өңірдегі барлық балабақша, мектеп және колледждер бір орталықтан бақылауға алынып, қауіпсіздік тетіктері толық қамтылады.
Балалар — еліміздің болашағы. Олардың қауіпсіздігі үшін жұмсалатын күш пен уақыт – ең құнды инвестиция. Түркістан облысы әкімдігі мен тиісті құрылымдар осы бағытта нақты нәтижеге бағытталған шараларды қолға алып отыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аймақтағы басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.