«Учаскелік инспектор-қауіпсіздік кепілі»

Oinet.kz 16-08-2025 13

3.jpg 

Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгілеп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта құқық қорғау органдарының қызметіне сервистік модельді енгізіп, полицияны халыққа жақын етудің маңызын ерекше атап өтіп келеді.

"Жұртқа жақын полиция" қағидаты – тек қауіпсіздік қызметінің тиімділігін арттыру ғана емес, бұл – мемлекет пен азамат арасындағы сенім көпірін бекемдеудің тікелей жолы. Осы тұжырымның аясында еліміздің барлық өңірлерінде құқық қорғау саласына жаңа талаптар қойылып, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеру, олардың жауапкершілігін арттыру, қоғаммен байланысын күшейту ісі қарқын алып келеді.

Осыған байланысты Түркістан облысында алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды ауданаралық слет – бұл бағыттағы нақты қадамның жарқын мысалы болды. Түркістан қаласында өткен «Учаскелік полиция инспекторы – қауіпсіздік кепілі» атты іс-шараны облыстық Полиция департаменті мен облыс прокуратурасы бірлесе ұйымдастырды. Слеттің басты мақсаты – учаскелік инспекторлардың рөлін арттыру, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына жаңа серпін беру.

Жиынға құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылығы, сот жүйесінің өкілдері мен сала мамандары қатысты. Атап айтқанда, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұхтар Тілеубердиев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақыт Қалмұрзаев, ІІМ Академиясының өкілі Амангелді Қойшкен, Түркістан қаласындағы әкімшілік соттың төрағасы Гүлбану Жанысбаева, кәсіби жаттықтырушы Гүлнәр Оспанова және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Слет барысында қоғамдық тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі учаскелік полиция инспекторларының маңызды орны, құқықбұзушылықтардың алдын алудағы әдіс-тәсілдер, халықпен тиімді жұмыс жүргізу жолдары талқыланды. Сонымен қатар қызметімен көзге түскен үздік инспекторлар марапатталып, олар үшін кәсіби семинар ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзінің сөзінде тәртіп пен қауіпсіздік – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының негізгі іргетасы екенін баса айтты.

"Құқық қорғау органдарының басты міндеті – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы ұлы міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Сіздер кез келген сәтте қырағылық пен табандылық танытып, халықтың сенімін ақтап жүргендеріңіз үлкен құрметке лайық. Мемлекет дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәптіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп айтқан болатын. Облыс аумағында азаматтар үшін қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Заң үстемділігін сақтай отырып, тәртіпті қамтамасыз етіп, өңіріміздің қауіпсіздігіне үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін", – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Ал облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов өз сөзінде учаскелік инспекторларға артылған жауапкершілік пен міндеттердің ауқымына тоқталды. Оның айтуынша, құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштықты сақтау жолында учаскелік полицейлердің жұмысы — негізгі тірек.

"Азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау, қоршаған ортаны қорғау және «Алкогольсіз ауыл» жобасын насихаттау, нашақорлықтың, интернет-алаяқтықтың және мал ұрлығының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу – учаскелік полицейлерге жүктелген негізгі міндеттер. Осы ретте, ҚР ІІМ-нің қолдауымен полицейлердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуда. Олар үнемі біліктіліктерін арттыру курстарынан өтіп, жұмыс үшін қажетті бейнежетондармен, планшеттермен және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілуде. Жаңа учаскелік пункттер мен модульдік бекеттер ашылуда", – деді Мұрат Қабденов.

Мұндай бастамалар полицейлерге деген сенімді арттырып, олардың жұмысын қолжетімді әрі ашық етуге мүмкіндік береді. Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы нақты нәтижелер де жоқ емес. Түркістан облысында бүгінде 800-ге жуық учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Олар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапты. Профилактикалық шаралардың арқасында соңғы уақытта құқық бұзушылық көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендегені байқалады. Атап айтқанда, бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыстар 3,9%-ға, ішімдік ішіп қылмыс жасағандар саны 9,1%-ға, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар 15,3%-ға, ал көшедегі қылмыстар 16%-ға азайған.

Слет соңында қатысушылар бейбіт қоғам құру жолында барлық құрылымдардың өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жұмыстардың жалғасатынына сенім білдірді. Учаскелік полиция қызметінің заманауи талаптарға бейімделуі – Қазақстандағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың еркін әрі қауіпсіз өмір сүру құқығының нақты кепілі.


Түркістан: Ұсыныс, өтініштер заң шеңберінде қаралады
Әрбір білім ұясы толықтай қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу