Сапалы өнім – тұрақты табыс көзі
Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығына бейімделген, өңір экономикасының негізін аграрлық сала құрайтын аймақ.
Бұл ауданда егіншілік пен мал шаруашылығымен қатар, өнімді өңдеп, нарыққа ұсынатын кәсіпорындар да аз емес. Солардың бірі – Манкент ауылында орналасқан «Рассвет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Табиғи сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын бұл кәсіпорын бүгінде аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отыр.
Кәсіпорынның негізгі бағыты – сүт өнімдерін өңдеу. Қазіргі таңда мұнда күнделікті 8–12 тонна аралығында сүт қабылданып, одан брынза, ірімшік, йогурт сияқты табиғи өнімдер өндіріледі. Бұл өнімдер аудан көлемінде ғана емес, облыс орталығы Шымкент қаласындағы тұтынушылар арасында да үлкен сұранысқа ие. Өнім сапасы мен экологиялық тазалығы – «Рассветтің» басты артықшылығы.
Цех жұмысын ұйымдастырып отырған кәсіпкер Ж. Медетбековтің айтуынша, кәсіпорын толығымен жергілікті шикізатпен қамтамасыз етіледі. Манкент, Ақсукент, Қарабұлақ және маңайдағы ауыл тұрғындары осы жерге күн сайын сүт тапсырып, өз отбасыларының табысын тұрақтандыруда. Бұл – бір жағынан, ауыл халқы үшін қосымша кіріс көзі, екінші жағынан, табиғи әрі сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін тиімді тетік.
«Рассвет» ЖШС-де 10–12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – шағын ауыл үшін үлкен көрсеткіш. Әрбір жұмысшы еңбекақысын уақытылы алып, өз кәсібінің шебері ретінде дамып келеді. Цехтағы жұмыс тәртібі, санитарлық талаптардың сақталуы мен өндірістік технологиялар заман талабына сай. Жұмысшылардың айтуынша, кәсіпорындағы тұрақты жұмыс атмосферасы мен таза өнім өндіруге бағытталған ұстаным – олардың еңбекке деген құлшынысын арттырып отыр.
Аудан әкімі мен жауапты сала басшылары бұл кәсіпорынның жұмысымен арнайы барып танысып, оң бағаларын берген болатын. Әсіресе, жергілікті шикізатты пайдалана отырып, сапалы өнім шығарып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған ұжымның тәжірибесі үлгі етуге тұрарлық.
Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта жаңа құрылғылар алу, сақтау қоймаларын кеңейту және сауда бағыттарын ұлғайту жұмыстары қолға алынуда. Егер бұл жоспар жүзеге асса, қосымша жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына түсетін пайда еселене түспек.
Жалпы, «Рассвет» ЖШС – бүгінгі ауыл экономикасының нақты тірегі. Ол тек өнім шығарып қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешуге де өзіндік үлес қосуда. Мысалы, кейбір көпбалалы отбасылардан алынған сүтке алдын ала төлем жүргізу, мереке қарсаңында ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету сынды істері жергілікті тұрғындардың алғысын алуда.
Сайып келгенде, ауылдағы шағын кәсіпорынның жүйелі жұмыс істеуі – тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. «Рассвет» сынды кәсіпорындар көбейсе, ауылдан қалаға ағылатын көштің де алдын алуға болары сөзсіз. Ал сапалы өнім – ел ырысы, оның тұрақты нарыққа шығуы – ауыл тіршілігінің берекесі.
С.АБЫЛБЕКОВА