Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды
Сайрам ауданы әкімімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Арман Сәбитовтың төрағалығымен ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған жиын өтті.
Басқосуда күн тәртібіндегі басты мәселе – ауданның негізгі салаларындағы даму көрсеткіштері мен олардың орындалу барысы болды. Бұл жөнінде экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Айтекеева баяндама жасап, өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс бағыттарындағы жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,5 миллиард теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібінде өсім қарқыны сақталған. Сауда айналымы да өткен жылмен салыстырғанда артып, 42 миллиард теңгеге жеткені айтылды.
Жиын барысында аудан әкімі А.Сабитов инвестиция тарту, тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізу, бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар маусым айында аяқталуы тиіс құрылыс нысандарын уақытылы пайдалануға беруді тапсырды. Жауапты бөлім басшыларына салалық индикаторлардың сапалы және толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Аудан басшысы осы бағыттағы жүйелі жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз болатынын айтты. Жиын қорытындысында әр сала бойынша белгіленген міндеттердің нақты жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті.
С.СӘУЛЕБАЙ