Сайрамда банан өсірілуде
Сайрам ауданы соңғы жылдары инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және еңбек нарығын жандандыру бағытында қарқынды дамып келеді.
Бұл аумақтың агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары екенін ескерсек, бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар – аудан экономикасының жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Соның жарқын үлгісі – Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің жылыжай кешені. Жалпы ауданы 5 гектарды құрайтын бұл заманауи кешенде банан, қызанақ және құлпынай сынды сұранысқа ие өнімдер өсіріледі. Жоба аясында қазіргі таңда 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін табысты жұмыс орындарының ашылуына, ал аудан үшін – экономикалық белсенділіктің артуына жол ашып отыр.
Аталған жылыжай кешенінің өндірістік қуаты жылына 1 140 тонна өнім өндіруге есептелген. Бұл – ішкі нарыққа бағытталған ірі көлемдегі тауар айналымы. Ең басты жаңалық – кешенде өсірілетін бананның ерекше сорты. Бұл сорт Қазақстанның климаттық жағдайына арнайы бейімделген. Яғни тропикалық елдерге тән жемісті енді отандық өнім ретінде тұтыну – қол жетімді бола бастады.
– Жобаны қолға алмас бұрын Түркияның ауыл шаруашылығындағы үздік тәжірибесі мұқият зерделенді. Әсіресе, климаттық ерекшеліктерге бейімделу мүмкіндігі мен технологиялардың тиімділігіне ерекше назар аударылды. Түркістан облысының табиғаты мен топырақ құрамы банан өсіруге қолайлы екені дәлелденіп, Сайрам ауданында осындай ірі жылыжай кешенін салу туралы шешім қабылданды, – дейді «Gen Group Kazakhstan» ЖШС басқарушы директоры Ислам Алиев.
Жобада қолданылған барлық технологиялар мен құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген. Автоматты суару жүйесі, климаттық бақылау құрылғылары, жарық пен ылғалдылықты реттейтін заманауи технологиялар өнім сапасын арттыруға сеп болған. Қазіргі таңда жылыжайда өндірілген банан мен басқа да өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына жол тартуда.
Айта кету керек, мұндай жылыжай кешені елімізде әзірге жалғыз. Яғни бұл жоба – республика көлемінде баламасы жоқ, алғашқы әрі бірегей бастама. Бұл өз кезегінде Сайрам ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, еліміздің өзге өңірлеріне үлгі бола алады.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап көрсетілген негізгі бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Сайрамдағы жылыжай кешені – тек жеміс-жидек өсіретін орын ғана емес, жаңа экономикалық мүмкіндіктердің бастауы.
Мұндай жобалар алдағы уақытта да көбейіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы экономикалық теңгерімді сақтауға ықпал ететіні анық. Сайрамда тамыр жайып келе жатқан банан бағы – бұл ауылдағы өндірістің де, өмірдің де жаңарғанының белгісі.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ