Сайрамдағы сәтті жоба

Oinet.kz 14-06-2025 4

Өңірлік экономиканы әртараптандыру – мемлекеттік даму стратегиясының басты бағыттарының бірі. Бұл ретте бюджет қаражаты және мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асып жатқан жобалардың тиімділігі ерекше назарда. 

Screenshot_3.jpg

Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы дамыған ірі өңірлердің бірі. Бұл аймақта мал және егін шаруашылығы қатар өркендеп келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған ірі нысандардың бірі – құрама жем өндіретін зауыт.

Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 60 мың тоннаға жуық құрама жем өндіруге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш – аудан ғана емес, облыс көлеміндегі мал шаруашылығын қолдаудың нақты тетігі. Себебі, құнарлы әрі сапалы жем – мал өнімділігінің басты факторы. Ал өнімділік – табыстың көзі.

Соңғы жылдары Қазақстанда ауыл шаруашылығын индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру – мемлекеттік басым бағыттардың біріне айналды. Осы ретте, құрама жем зауыты жергілікті кәсіпкерлікке жаңа тыныс беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Экономикалық тиімділік тұрғысынан алғанда, зауыт жұмысының бірнеше оң әсері байқалады:

Жұмыспен қамту: кәсіпорында тұрақты жұмыс істейтін мамандар саны артты.

Шикізат айналымы: жергілікті диқандардан алынатын астық пен дәнді дақылдар өндіріске жұмсалады. Бұл – ішкі нарықтың сұранысын өтеумен қатар, ауыл еңбеккерлеріне табыс көзі.

Өнімнің қолжетімділігі: бұрын сырттан жеткізілетін құрама жем енді аудан ішінде өндірілуде, бұл – өнім бағасының тұрақтануына ықпал етеді.

Сонымен қатар, зауыт технологиялық тұрғыдан жаңғыртылған. Өндірістік желі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Бұл – уақыт үнемі мен сапа кепілі.

Сайрам ауданындағы құрама жем өндірісі ауыл шаруашылығының экожүйесін нығайтып, экономикалық өсімге жол ашып отыр. Мұндай жобалар ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауында айтылған ауылдық жерлердің әлеуетін көтеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмаларының орындалуының айқын дәлелі.

Түйіндей айтқанда, құрама жем зауыты – жай ғана өндіріс орны емес, бұл – ауданның әлеуметтік, экономикалық және аграрлық тұрақтылығына негіз болып отырған маңызды нысан.

С.АБЫЛБЕКОВА

Кәсіпкерлікке кең өріс
Сайрамдағы "АХБК" - өндірістегі өрлеу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу