«Интернет алаяқтықтан сақ болыңыз!»
Қазіргі қоғамда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы интернет желісінде жасалатын қылмыстардың санын арттыруда. Әсіресе, интернет алаяқтық деректері күн сайын көбейіп келеді. Бұл – жеке азаматтар мен ұйымдар үшін үлкен қауіп төндіретін өзекті мәселе. Осыған байланысты Ордабасы ауданының полицейлері интернет алаяқтықтың алдын алу және азаматтарды ақпараттандыру мақсатында белсенді іс-шаралар жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Жедел уәкілдер Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен кездесу өткізіп, «Интернет алаяқтықтан сақ болыңыз!» тақырыбында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында азаматтарға интернет алаяқтықтың түрлері мен оның белгілері, одан қалай қорғану керектігі туралы толық мәліметтер берілді. Сонымен қатар, тақырыпқа сай фотосуреттер мен ақпараттық парақшалар таратылып, әлеуметтік желілер мен қоғамдық орындардағы ақпараттық тақтайшаларға ескерту парақтары ілінді.
Интернет алаяқтықтың негізгі түрлері:
Фишинг: Жалған сайттар немесе хабарламалар арқылы пайдаланушылардың жеке деректерін (пароль, банк картасының мәліметтері) ұрлау. Жалған сатылымдар: Интернетте шынайы емес тауарлар мен қызметтерді жарнамалап, ақшаны алдап алу.
Әлеуметтік инженерия: Алаяқтар адамның психологиясын пайдаланып, сеніміне кіру арқылы ақпарат алу.
Вирус пен трояндар тарату: Компьютерге зиянды бағдарламалар енгізу арқылы жеке деректерге қол жеткізу.
Интернеттегі жалған инвестициялық жобалар мен қаржылық пирамидалар: Қолданушыларды тез пайда табуға сендіріп, ақшаларын алдау.
Одан сақтану үшін құпия ақпаратты ешкімге ашпау, әсіресе белгісіз электрондық хаттар мен хабарламаларға сенбеу қажет.
Құжаттар мен қызметтерді тек мемлекеттік немесе сенімді дереккөздерден алу.
Антивирус және қорғаныс бағдарламаларын пайдалану. Компьютер мен смартфондарды үнемі жаңартып, қауіпсіздік шараларын сақтау.
Күдікті сілтемелерге баспау. Әлеуметтік желі мен электрондық поштадағы белгісіз сілтемелерге өте сақ қарау.
Алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу хабарлау: Жергілікті полицияға немесе құқық қорғау органдарына жедел хабар беру.
Ордабасы ауданының полициясы тұрғындарды ақпараттандыру мен интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша жұмысты әрі қарай да жүйелі түрде жүргізіп, қауіпсіз цифрлық орта құруға күш салуда.