Басты ұстаным—заң мен тәртіп
“Заң мен тәртіп” қағидасын кеңінен насихаттау аясында азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, алаяқтыққа қарсы иммунитет қалыптастыру қажет. Осы бағытта Түркістан облысының Мақтаарал аудандық полиция бөлімі, аудан әкімшілігі, облыстық қаржылық мониторинг агенттігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері бірлесіп, Қаржылық қауіпсіздік күніне орай ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Іс-шара барысында халыққа заманауи алаяқтық түрлері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қатысушыларға қаржылық алаяқтықтың негізгі белгілері түсіндіріліп, оған қарсы тұрудың тиімді жолдары туралы нақты кеңестер ұсынылды. Сонымен қатар, тұрғындарға ескерту сипатындағы парақшалар таратып, қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін қолдануға болатын әдістер таныстырылды.
Алаяқтықтан сақтану үшін тәртіп сақшылары мынандай кеңестер береді:
Алаяқтықтың ең кең тараған түрлері: қаржылық пирамидалар, интернет-алаяқтық, телефон арқылы алдау, жалған инвестициялық жобалар, банк карталарының ұрлануы, құжаттарды жалғандау, жалған салық және кредит төлемдерін талап ету.
Белгілеріне назар аудару қажет: тез және көп пайда табуға уәде беру, сізден жеке деректерді немесе парольдерді сұрау, заңсыз келісімшарттар мен соманы алдын ала төлеуді талап ету.
Ақшаны аудармас бұрын тексеру: ұсыныс жасаған ұйымның немесе адамның заңды тіркелгенін, лицензиясының бар-жоғын міндетті түрде растау. Тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік сайттардан ақпарат алу.
Құпиялылықты сақтау: жеке деректер мен банктік мәліметтерді ешкімге ашпау, электрондық пошталар мен смс арқылы келетін сілтемелерге сақтықпен қарау.
Қылмыс туралы дереу хабарлау: күмәнді жағдайларда жергілікті полиция бөліміне, қаржылық мониторинг агенттігіне немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жедел хабарласу.
Азаматтардың өзара қолдауы: қоршаған ортадағы таныстарға да алаяқтық түрлері мен одан сақтану жолдары туралы ақпарат тарату, әлеуметтік желілерде жалған хабарламаларға сенбеуді насихаттау.
Тұрақты түсіндіру жұмыстары: аудандық әкімдіктер мен құқық қорғау органдары азаматтарға арналған семинарлар, тренингтер мен онлайн вебинарлар өткізіп, қаржылық сауаттылықты арттыруға ұдайы көңіл бөледі. “Нөлдік төзімділік” қағидасы: алаяқтықпен және кез келген заңсыз әрекетпен күресте қатаң шаралар қолдану, кішкене құқықбұзушылықтарға да жол бермеу.
Мақтаарал аудандық полициясы мен әріптес мекемелерінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға, алаяқтыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Осындай жұмыстар халықтың сенімін нығайтып, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті бекітуге ықпал етеді.