Түркістан: «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті

Oinet.kz 26-06-2025 29

6.jpg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруды, алаяқтық схемалар мен қаржылық пирамидаларға қарсы иммунитет қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын.

Бұл тапсырманы орындау аясында  25 маусымда Түркістан облысының барлық 3 қаласы мен 14 ауданында бір мезетте «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты ауқымды форум ұйымдастырылды. Іс-шараны Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті үйлестірді.

Форумда заманауи қаржылық алаяқтық әдістері мен пирамида схемалары, дроптар (басқаның атына ашылған жалған шоттар), криптовалюта алаяқтығы, жалған инвестициялық жобалар және олардың салдары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Қатысушыларға қаржылық пирамидалардан сақтану үшін келесі маңызды ережелер айтылды:

Жоғары табысқа жылдам қол жеткізуге уәде берген ұсыныстарға сенбеу керек. Қаржылық пирамидалар көбінесе қысқа мерзімде үлкен пайда алуға уәде береді, бірақ бұл – алдау.

Ақшаңызды салмас бұрын компанияның немесе жобаның заңды тіркелгенін және лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Таныс емес және сенімсіз адамдардан немесе интернет арқылы ұсынылатын қаржылық жобаларға ақша аудармау керек. Егер инвестиция тарту жүйесінде жаңа мүшелердің қаражаты арқылы бұрынғы қатысушыларға төлем жасалса, бұл пирамиданың белгісі болуы ықтимал.

Көптеген қаржылық пирамидалар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылады, сондықтан цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.

Форум аясында мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерьлерінде «Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Вейп өнімдері, қаржылық алаяқтық, онлайн қауіптер сияқты өзекті мәселелер бойынша 4000-ға жуық оқушы мен 500-ге жуық тәрбиешіге арнайы дәрістер мен үгіт-насихат ұйымдастырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің бейнематериалдары көрсетіліп, шынайы оқиғалар желісі бойынша сахналық қойылым ұсынылды. Түркістан қаласындағы Сейтметов атындағы сазды-драма театрының әртістері «Армандар күйреуі» атты көркем көрініс арқылы қаржылық сауатсыздықтың трагедиялық зардабын әсерлі жеткізді.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура мен полиция департаментінің басшылығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов және әлем, Азия чемпиондары қатысты.

Өңір басшысы форумда сөйлеген сөзінде қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы ғана қоғамда заң үстемдігін, әділеттілікті қамтамасыз етуге болатынын атап өтті.

– Бәріңізге белгілі 23 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарынмен кеңейтілген отырыс өткізілді. Президент әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруды және құқық қорғау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Ол – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты жат көріністер тоқтайды. Облыстың барлық аудан, қалаларында

«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында қоғамдық қабылдаулар басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халықпен ашық диалог орнату. Біз қоғамда қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жүргізуіміз қажет. Заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік. Баршаңызды қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлестеріңізді қосуға шақырамын,– деді Нұралхан Көшеров.

Форум барысында азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырумен қатар, кибер және цифрлық қауіптерге қарсы тұру, алаяқтыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын орнықтыру мәселесі де кеңінен сөз болды. Бұл ұстаным бойынша, ұсақ құқықбұзушылықтардың өзіне заң аясында дереу шара қолдану қажет, себебі дәл осындай бейберекетсіздіктер үлкен қоғамдық проблемаларға ұласады. Қаржылық тәртіп пен жеке жауапкершілік – әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудың басты негіздерінің бірі.

Форум соңында қатысушылар кәсіби спикерлерге өз сұрақтарын қойып, пікір алмасып, ризашылықтарын білдірді. Шара жастардың, педагогтердің және жалпы халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.


«Нөлдік төзімділік» принципі—ортақ игілік
Басты ұстаным—заң мен тәртіп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу