«Нөлдік төзімділік» принципі—ортақ игілік

Oinet.kz 26-06-2025 28

5.jpg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны еліміз бойынша кең көлемде жүргізілуде. Бұл – қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық-экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты әрі ұзақ мерзімді шара.

 Түркістан облысында осы жоба аясында жүйелі жұмыстар қолға алынып, қоғамдық санада тазалық мәдениетін қалыптастыруға күш салынуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына іссапармен барып, атқарылып жатқан тазалық жұмыстарының барысын бақылап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған шараға 130 адам қатысып, 2 арнайы техника тартылды. 6,5 шақырым өзен жағасы мен 12 шақырым жол бойы күл-қоқыстан тазартылып, 7 тонна қалдық шығарылды. Бұл жұмыстар тек сенбілік немесе уақытша науқан емес, ұзақ мерзімді және жүйелі жұмыс форматына айналуы қажет. Облыс басшылығы табиғатты қорғауға, әсіресе өзен-көлдерді, орман алқаптарын, елді мекендерді таза ұстауға барлық деңгейдегі мекемелер мен азаматтарды тарту арқылы тұрақты экологиялық тәртіп орнатуды көздеп отыр. Зұлпыхар Сансызбайұлының айтуынша, Төлеби сияқты табиғаты көркем, экологиялық әлеуеті жоғары аймақтарда тазалық пен тәртіпке деген талап ерекше болуы тиіс.

Жыл басынан бері Төлеби ауданында абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 195 хаттама толтырылып, 130 ескерту берілген. Жалпы сомасы 3 027 640 теңге айыппұл салынып, 2 319 880 теңге өндірілген. Сонымен қатар, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау дерегі бойынша 447 хаттама толтырылып, 11 363 480 теңге әкімшілік айыппұл салынған, оның 6 861 340 теңгесі өндірілді. Бұл – «таза аймақ» қағидатын сақтау жолында бақылаудың күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Осы ретте Түркістан облысында экологиялық және қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты «нөлдік төзімділік» қағидаты белсенді қолданылуда. Яғни, азаматтардың тарапынан жасалатын кез келген ұсақ құқық бұзушылыққа – қоқыс тастау, қоғамдық орындарды ластау, рұқсатсыз құрылыс қалдықтарын шығару және тағы басқа әрекеттерге қатысты заң аясында дереу шара көріледі. Бұл қағидат – қоғамдық тәртіпті қалыптастыруда, жауапкершілік мәдениетін арттыруда және бейберекетсіздікке жол бермеуде аса маңызды құралға айналды. «Нөлдік төзімділік» принципі – заңды сыйлау мәдениетін орнықтыру ғана емес, сонымен бірге әр адамның ортақ игілікке деген көзқарасын тәрбиелеудің бір жолы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – ұлттың мәдени деңгейін айқындайтын фактор екенін айтып, «тазалық тек сенбілікте емес, санада басталуы керек» деп нақты ұстаным білдірген болатын. Осы орайда облыс тұрғындарын, әсіресе жастар мен қоғамдық ұйымдарды табиғатты аялауға, тазалық сақтау шараларына белсенді араласуға шақыру – «Таза Қазақстан» жобасының басты мақсатының бірі. Жобаның тек экологиямен шектелмей, құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге негізделгені анық байқалады.

Төлеби ауданында қолға алынған бұл шаралар – бүкіл өңір үшін үлгі боларлық іс. Әрбір көшеге, әрбір өзен жағасына, әр тұрғынның әрекетіне мән беру арқылы ғана біз «таза қоғам» мен қауіпсіз ортаны бірге қалыптастыра аламыз. Түркістан облысы әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра бермек.


Түркістан: Дала өрттерінің алдын алу бақылауда
Түркістан: «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу