Кітап иісін ұмытқан қоғам немесе кітап оқымайтын ұрпақ – қауіпті ме?

Oinet.kz 08-04-2025 43

Кітап – адамның шынайы досы, санамыздың шырағы. Өткен тарихты, мәдениет пен ұлттық, адамзаттық құндылықты өзіне сақтайтын сенімді құрал. 

Screenshot_2.jpg

Бүгінде кіітап оқымайтын жастар көбейіп кетті. Мүлдем жоқ демесек те, кітап оқитын замандастарым санаулы ғана. Бұл бей-жай қарайтын тақырып емес, ұлттық деңгейде ойланатын мәселеге айналды.

Қазір біз ақпарат тасқынына батқан дәуірде өмір кешіп жатырмыз. Таң атып, күн батқанға дейін миымыз секунд сайын үздіксіз ағылып жатқан түрлі ақпаратты қабылдап, оны қорытып та үлгермей жатырмыз. 

Тіпті, адамзаттың миы еріншек болып алды – әлеуметтік желілердегі қысқа видеолар мен қысқа мәтіндерге үйреніп қалдық. Ұзақ мәтіндерді оқымай өткізіп жібере салатын болдық. Тек дайын ақпаратты тұтынып үйренген адам өз пікірін қалыптастыруға да, ойын жеткізуге де  қабілетсіз. 

Кітап ше? Кітап оқу бүгінгі ұрпаққа ауыр тиіп тұрғандай көрінеді. 

Ал кітап оқымаған ұрпақ – өз тамырынан ажыраған ұрпақ. Мұндай буын ұлттық, тарихи жадыны сақтай ала ма? Мәдени мұраны болашаққа жеткізе ала ма? 

 Сыни ойлау, талдау, мәселенің мәніне үңілу, сөзді саралай алу,  терең сезіне алу – мұның бәрі кітаппен бірге қалыптасатын қасиеттер.

Кітап оқымау – тек білімсіздікке емес, рухани жұтаңдыққа апарады. 

Ал кітаппен дос жастар не оқып жүр? Кімдерді оқып жүр? Оқу бар да, оны тоқу бар. 

Кітаптың қай-қайсысы да жақсы ғой, егер де ішіміздегі бос кеңістікті толтыра алсақ, өзімізге қажетті білімді ала алсақ. Осы жерде айта кететін маңызды дүние, “Білім” деген сөз бен “білімді болу” дегенді қалай түсініп жүрміз? Мектептен, жоғары оқу орындарынан алатын базалық білімді есептемегенде, бүгінгі жастардың білім жайлы түсінігі діни уағыздар мен мотивациялық кітаптармен шектеліп жүр. Бұл бағыттар рухани қажеттіліктеріңізді бере алғанымен, толыққанды білім бере алмайды.

Оқимын деген адамға кітаптың түрі көп қой. Өзіміз қызыққан салаларға байланысты іскерлік тақырыбындағы кітаптар, танымдық, психологиялық, тарихи, көпшілікке арналған ғылыми, саяси кітаптар және оқырманға эстетикалық ләззат сыйлайтын көркем әдебиет, соның ішінде таңдауымызға байланысты проза, поэзия, фэнтэзи жанры, комикстер мен графикалық романдар, және қазіргі уақытта әлемде актуальды ғылыми фантастикалық кітаптар.

"Әлемнен әдебиетті алып тастасаң, сақырлаған қару мен сықырлаған тиын ғана қалады" деген жақсы сөз бар. Әлемде болып жатқан қатыгездіктер, сұм соғыстар да кітап оқымағаннан болып жатыр дер едім. Ал көркем әдебиетті оқыған адамның жүрегі мейірім мен махаббатқа толы болмаушы ма еді?!

Әдебиетсіз өскен ұрпақ поэзияны түсінбейді, прозаның шындықпен байланысатынын сезбейді, ойын жеткізуге қиналады. Мұндай ұрпақ тілдің көркемдігін, тіпті, тілдің өзін жоғалтады. Ал бұл – тұтас қоғамның интеллектуалдық деңгейіне кері әсер ететін фактор.

Бұл – жай ғана жастардың мәселесі емес. Бұл – мемлекеттік деңгейде қолға алатын мәселе.  Бірақ бұл қауіптің алдын алуға болады. Мектепте әдебиетке көзқарас өзгеруі керек,  кітапқа деген махаббатты ерте бастан сіңіру керек. Балаға кітапты таңдау еркіндігін беру, отбасында кітап оқуды үлгі ету, мектеп бағдарламасына заманауи әдебиетті қосу секілді нақты қадамдар арқылы ғана біз ұрпақты құтқара аламыз, болашағымызды бұлыңғырлықтан сақтай аламыз. 

Кітап оқып тұрайық, жастар!

Ақниет Мәлікқызы Қожанияз,

«Тұлға» мектебінің 11 сынып оқушысы

Түркістан қаласы

Түркістан облысында мал шаруашылығының халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтті
Камеральный контроль: итоги работы за первый квартал 2025 года.
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу