Қазақ этнография мектебінің негізін салушы Халел Арғынбайұлы Арғынбаевқа 100 жыл

Oinet.kz 05-11-2024 285

Қазақтың ұлтжанды азаматы этнографы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбайұлының туғанына 100 жыл. 1924 жылы 21 қыркүйегінде Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол 1943–1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қан майданнан елге аман-есен оралады.

Screenshot_7.jpg

1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы үздік бітіреді. 1951–1954 жылдары Алматы облысы Панфилов қаласындағы педагогикалық училищеде тарих пəнінің оқытушысы, оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. 1954–1957 жылдары Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарих, археология жəне этнография институтының аспирантурасында оқиды. 1957 жылдан, өмірінің соңы 1998 жылға дейін Халекең аталмыш институтта аға ғылыми қызметкер, этнография бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп, отандық этнография ғылымының қалыптасуына аса зор үлес қосты. Х.А. Арғынбаевтың ерекшеліктерінің бірі, ол өз халқының өте бай салтын, əдет-ғұрпын,рухани мəдениетін, тілін жетік білетін ғалым еді. 

1000248455.jpg

Қазақ этнографиясын, халқының ата салтын, отбасылық дəстүрі мен əдет-ғұрыптарын,  қалың да қатпарлы тарихын зерттеп, зерделеп оқырман қауымға жеткізуде, ұлттық құнылықтарды ұлықтап, ата-баба тарихының ақтаңдақ беттерін анықтауда Халел Арғынбаев елі үшін ерінбей еңбек еткен тұлға. Қазақстанның бірқатар облыстарына арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларды басқарды. Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнография атласын жасауға ат салысты.

1000248449.jpg

Ғалым Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» кітабының қазақ этнографиясында шоқтығы биік еңбек екендігін және қазақ тілінде жазылған алғашқы этнографиялық монография. Халекең ел арасынан, архивтерден жəне əдеби мұралардан жинақған қыруар этнографиялық деректердің негізінде «Қазақтың мал шаруашылығы», «Мал ауруларын емдеудегі қазақтың халықтық тәжірибесі туралы этнографиялық очерк», «Қазақ халқының қолөнері», «Қазақ отбасы», деген монографиялар жазды. Халел ағамыздың аса құнды еңбегінің бірі «Қазақтар» атты монографиясы еді. Бұл зерттеу қазақ халқының тұтас этнос ретінде қарастырылатын этнографиялық өмірін, оның материалдық жəне рухани мəдениетін, отбасы, некелік қарым-қатынасын жан-жақты зерттейтін құнды басылым. Еңбекте халқымыздың шаруашылық кəсібі мен ұлттық киім-кешегі, тұрғын үй мен азық-түлігі, əдет- ғұрпы мен салт-дəстүрі, діни наным-сенімі жайында ел арасынан жиналған экспедициялық мəліметтер, мұрағат деректері молынан қамтылған. Кейінгі жинаған мұрасының бірі – «Қазақ шежіресі» жайлы зерттеуі. (С.Мұқанов, В. Востровтармен бірге) «Қазақ шежіресі хақында» деген атпен жарық көрді. Қазақ халқының ұлттық тарихын зерттеуде тайпалар мен рулардың шығу тегі, шежірелік деректер жазылған. Ұлттық этнография саласында Халел ағамыз қазақ халқының тұрмысы мен мəдениеті, қоғамдық, отбасылық қарым-қатынастары туралы аса бағалы зерттеулерқалдырды. Ол өз халқының өте бай салтын, əдетғұрпын, заттай   жəне рухани мəдениетін, тілін жетік білетін ғалым болған.Жарық көрген    ғылыми мұралары ел арасына кең таралған.

Елдің тарихи құндылықтарын жан-жақты зерттеп зерделеп жеткізген, қазақтың нағыз қазақтығын көрсеткен ол Халел ағамыз болатын.Қамшының сабындай шолақ ғұмырын егемен еліміздің этнографиясының дамуына арнаған Халекең елеулі еңбектер жазып қалдырған. 7 (жеті) монография жəне 200-ге жуық ғылыми мақала жариялаған екен. Халқымыздың біртуар азаматы, этнография ғылымының көшбасшысы Халел ағамыз бүкіл саналы ғұмырын осы бай мұраны жинақтауға арнаған. Ағамыздың ғылыми мұралары халық жадынан ұмытылмас.Оның ғылыми жетекшілігімен «этнография» мамандығы бойынша Алматы және Мәскеу қалаларында 15 докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Халекеңкеңдей тұлғаға қарап бой түзейтін,елім-жерім дейтін, қазақтан шығар ұрпақ көп болсын!

Абзал Ахан,

Түркістан қаласы «Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми зерттеу бөлім меңгерушісі

      Əдебиеттер:

    1. Арғынбаев Х. Қазақ отбасы. – Алматы: Қайнар, 1996.

    2. Арғынбаев Х. Қазақтар (тарихи-этнографиялық шолу). - Алматы, 1995

    3. Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В.. Қазақ шежіресі хақында. – Алматы: Атамұра, 2000. 

    4. «ІІ Арғынбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми- тəжірибелік конференция материалдарының жинағынан 2014.

    5.  Арғынбаев Х. Қазақ халқының қол өнері.-Алматы:Өнер,1987.

Түркістан: Төрехан Сабырхан – әлем чемпионы!
Түркістанда ел бірлігі мен рухани мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу