Телескоп шығарған білім ордасы
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қоғам алдында биылғы оқу жылында атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жиынға Түркістан облысының құрметті азаматтары, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты.
Қарттар күні қарсаңында ұйымдастырылғандықтан ректор алдымен қатысушы қарияларды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Содан кейін есепке көшіп, университеттің қайта қаралған миссиясы мен стратегиялық мақсат-мұратымен таныстырды. Сондай-ақ былтырғы жылғы академиялық, ғылым, медицина, әлеуметтік, шаруашылық және басқа да бағыттарда атқарылған жұмыстарды да атап өтті.
Бір қуантарлығы, университет биылғы жылы 993 білім грантын жеңіп алыпты. Осылайша былтырғымен салыстырғанда биылғы жылы грант саны 34 пайызға артқан.
Университет қабырғасында жаңа орталықтар мен зертханалар да іске қосылыпты. Нақтырақ айтар болсақ, "Жеміс жидекті өңдеу өндірістік цехы", "Turkistan Ed Tech lab" Coursera орталығы, "Нанотехнологиялар мен энергетикаға арналған жаңа материалдар" ғылыми зертханасы, "Микробиология және биотехнология" зертханасы, "Мектептегі биологияны оқытудың инновациялық әдістері" зертханасы, "Микробиология және вирусология" зертханалары ашылып, студенттердің жан-жақты білім алуына мүмкіндік көбейген. Тіпті, осы зертханалардың көмегімен университеттегі ғалымдардың гранттық жобалары аясында 3D принтерлермен телескоп жасап шығарған. Бұл, басты жаңалық.
Білім ордасына биылғы оқу жылында 15 068 518 теңгеге оқулықтар мен электронды кітапхана сатып алынып, жалпы кітап қоры 517 138-ге жеткен.
Өткен оқу жылында жеті оқытушы Қазақстан Республикасының "Үздік оқытушысы", он оқытушы "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанған. Ал, ғалымдардың тоғыз ғылыми жобасы гранттық қаржыландыруға қол жеткізіпті.
Медицина саласында да нәтиже бар. Университеттің клинико-диагностикалық орталығы былтырғы жылдан бері тәулік бойы үшінші деңгейдегі инсульт науқастарын қабылдап келеді. Бүгінде неврология және интервенциялық нейрохирургия салаларындағы облыстық маңызды клиникаға айналды.
Ректор қоғам мен ұжым алдындағы есебінде рейтингті де ұмытпады. Университет биыл әлемдегі ең ықпалды университеттердің 816-шы орнына ие болыпты. Сондай-ақ, білім мен ғылым деңгейінен Азия құрлығында - 203, ал Орталық Азияда 7-ші орынға жайғасқан. Әлбетте, бұл сандар Түркістанның атын дүркіретуге, университеттің беделін көтеруге үлес қосатын көрсеткіш. Жалпы, Түркі әлемі жастарының басын қосқан білім ордасында нәтижелі жұмыстар жетерлік екен. Бұл туралы жиынға қатысқан облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері де айтып, ректорға сәттілік тіледі.