Түркістандық педагогтар атом электр станциясын салу жайын талқылады
Бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде қала педагогтарының басын қосқан ауқымды жиналыс өтті. Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы қатысқан басқосуда сала қызметкерлері елімізде атом электр станциясын салу мәселесін талқылады.
Жиналысты Оразкүл Шайхықызы ашып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес 6-қазан күні өтетін Республикалық Референдум, онда халық алдына қойылған жалғыз мәселе - «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал барысында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, Ғаппар Амантайұлы да сөз алып, талқыланып жатқан мәселенің мәнісін, оның тиімділігін жиналғандарға кеңінен түсіндіріп, елді референдумға қатысуға, ел болашағы үшін дауыс беруге шақырды. Ал, М.Пошанов атындағы №21 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі Айдар Исабеков «Электр энергиясы кеше, бүгін, ертең» тақырыбында, С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының физика пәні мұғалімі Арайлым Қарабалаева «АЭС құрылысы - энергетикалық қажеттілік» тақырыбында, «Тұлға» жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Хайрат Самат «Атом электр станциясы Энергетикалық игіліп пе, әлде экологиялық апат па?» тақырыбында баяндама жасап, атом электр станциясының тиімділігі туралы ғылыми тұрғыда жан-жақты түсіндіріп өтті.
Негізі АЭС салу бүгін ашылған тақырып емес. Бұл бірнеше жылдардан бері зерттеліп, зерделеніп келе жатқан шаруа. Шетелдік тәжірибелерді, мемлекетіміздің мүмкіндігін зерттеп, міне енді халық алдына шығарып отыр. Жиналыс барысында да еліміздің энергеталық қуаттылығын арттыратын АЭС-тің тиімділігі туралы аз айтылған жоқ. Дегенмен, қорытынды шығару әр азаматтың өз қолында екендігі түсінікті.