Телғараев отставкіге неге кетті? - Төлебиде ауқымды тірліктер атқарылғанын да атап айту қажет
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының сыбайлас жемқорлықпен күресте позициясы тұрақты басшы екендігіне елдің тағы бір мәрте көзі жетті.
Естеріңізде болса, бұған дейін Дархан Сатыбалды қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа былыққан кез-келген әкімнің отставкіге кететінін қадап тұрып айтқан болатын. Осы ұстанымның нәтижесінде Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков қызметінен кетті. Шөкеевтің арқасында екі оставкіден оңай құтылған Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев үшінші отставкімен Сатыбалдыға тұтылды. Мінекей, бүгін Дархан Амангелдіұлы Төле би ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың отставкісін қабылдады.
Бүгін облыс әкімі аппаратының жетекшісі Еркеғали Әлімқұлов Ленгірге арнайы барып, аудан әкімдігінің активімен кездесті. Төлеген Телғараевтың кезінде атқарылған ауқымды тірліктерді атап өтті. Аудан әкімінің міндетін атқару әкім орынбасары Сержан Дүйсебаевқа жүктелді. Төлебиге жаңа әкім биыл тағайындала ма әлде келесі жылы сайлана ма, бұл жағы әзірге белгісіз.
Айта кетейік, жуырда сот үкімімен Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Қанат Мылтықбеков қызмет бабын теріс пайдаланды деген айып бойынша 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Істің мән-жайына қарағанда, әкім орынбасары жерге қатысты қитұрқылықтар жасаған. Кейбіреулер заңсыздықтардың бір ұшын бұрынғы аудан әкімі, қазіргі Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековпен байланыстыруда. Бұл өз алдына зерттеуді, зерделеуді қажет ететін, әлі анық-қанығын тексеретін мәселе. Дегенмен заңның аты заң, тәртіптің аты тәртіп. Телғараев орынбасарына шығарылған үкім күшіне енген соң отставкіге арыз берген болатын.
Төлеген Телғараев Төлеби ауданының әкімі лауазымына 2021 жылдың ақпанында тағайындалды. Бұған дейін басқарма басшысының орынбасары, Қазығұрт ауданының әкімі қызметтерін абыройлы атқарған. Үш жылдан астам уақыт ішінде Төлеби ауданында біраз тындырымды тірліктер атқарылды. Аудан бюджетінің кіріс бөлігі айтарлықтай өсті. Өзіндік кірістің көлемі көбейді. Былтырмен салыстырғанда ауданға тартылған инвестицияның көлемі 120 пайызды құраған. Төлеби Түлкібастан кейін көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылған аудан дәрежесіне жетті. Аудандағы 55 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Осы қыркүйекте Жаңа күш ауылындағы ауыз су нысаны пайдалануға берілмек. Осыдан кейін Төлеби ауыз сумен 100 пайыз қамтылған ауданға айналады. Ленгір қаласын сапалы электр қуатымен қамту жобасы әні-міне бітуге таяу. Былтыр ауданға 40 мыңға жуық турист келіп, осы салада 8 ауқымды жоба жүзеге асқан. Биыл туризм саласына тартылған инвестицияның көлемі 1,8 миллиард теңге жетеді деген жоспар бар. Таулы аудандарда шағын электр стансаларын салу қолға алынуда. Ауылдардағы ең өзекті мәселе жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәдени-рухани салада да тың жаңалықтар бар. «Этноауыл» қалашығы тұрғызылды, «Ардагерлер үйі» пайдалануға берілді. Телғараевтың түркі болуымен, кәсіпкердің демеушілігімен Ленгір қаласында Төлеби би бабаға арналған еңселі ескерткіш тұрғызылуы тарихқа таспен ойып жазылатын тамаша тірлік.
Телғараевқа енді қандай қызметтің бұйырары да уақыттың еншісіндегі дүние.