«Өнерлі өлке»: Сауран ауданының мәдениет күндері басталды
Түркістандағы Этноауыл аумағында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының мәдениет күндері басталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жиында аудан қолөнершілерінің көрмелерімен қатар, ұлттық ойын, салт-дәстүр, әдет-ғұрып бейнеленген көріністер ұсынылды. Сонымен қатар, саурандықтар қала тұрғындары мен қонақтарға ұлттық тағамнан дәм татқызып, қонақжайлылық көрсетті. Кейін мерекелік кештің көрігін саурандық өнерпаздар қыздыра түсті.
29 тамыз күні Этноауыл аумағында ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар өткізілмек. Ал, кешкі сағат 19:00-де «Керуен Сарай» кешенінде Сауран ауданы өнерпаздарының және «Алдараспан» театрының қатысуымен Гала-концерт өтеді. Шарада Нұржан Төлендиев және эстрада жұлдыздарынан Нұржан Қалжан, Бақытжан Мұстафаев, Данияр Барыс ән шашу шашады.