Түркістан: Мерекеде жаңа саябақ ашылды
Түркістан қаласында Конституция күніне орай Бекзат тұрғын алабында жаңа саябақ ашылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Саябақтың ашылу салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысып, Бекзат секторы тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын саябақта тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Жалпы 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 3500 ағаш көшеті отырғызылған.
Аумақта балаларға арналған ойын алаңшасы мен воркаут алаңы орнатылған. Сондай-ақ, мерекелік кештерді өткізуге арналған сахна да қарастырылған. Келушілер үшін 1200 шаршы метрді құрайтын автотұрағы да бар. Одан бөлек, 20 орындық пен 20 қоқыс жәшігі орнатылып, аяқжол тақтайшалары төселген. Сонымен қатар, арнайы транформатор орнатылып, саябақ толық қоршалған.
Түркістан қаласында жалпы 318 гектарды құрайтын 32 саябақ бар. Ал, жалпы қолданыстағы күтіп-баптау аймағында жасыл-желекті 288 нысан бар. Олардың 75-і гүлзар мен аллеялар.