Шетелдегі қазақ жастары өз ана тілдерін ұмытып барады
Қайбір жылы өзге ұлты көп Петропавлда крест шеруі өтіп, оны әлеуметтік желі арқылы естіп-білген жұрт қызу әңгіме қып талқылап жатқанда осынау жасыл қалада қазақ ұлтының мерейін көтерген бір игілікті іс-шара өтіп, соған қатыстым. Нақтырақ айтқанда, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі әнші, сазгер Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдығына арнап шағын футболдан IV кезекті турнир өткізді.
Екі күнге созылған бұл байрақты бәсекеге Франция, Австрия, Түркия, Дания, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі қазақ диаспорасынан құралған және өз еліміздің бірнеше облыстары мен қалаларынан келген 24 команда қатысты. Бұл жарыс бұған дейін төрт мәрте Алматы қаласында ұйымдастырылған болатын. Аймақта алғаш рет өтіп отыр.
Түркия елінен жеткен қазақ құрамасының капитаны Арғынбек Гүләр шетелде жүрген кейінгі жастардың ана тілін ұмытып бара жатқанына алаңдайды екен.
-- Өзім Стамбұл қаласында тұрамын, -- дейді Арғынбек Гүләр. -- Осы қалада кілем жуатын мекемеде жұмыс істеймін. Бұрын стамбұлдықтар кілемдерін есігінің алдына, болмаса өзенге, көлге апарып жуа беретін. Қазір жергілікті билік оған тыйым салған. Сондықтан бұл бизнесте тұтынушылар өте көп. Соның арқасында қолға алған кәсібіміз өрге домалап, тұрмысымыз жаман емес. Бірақ, мені Түркиядағы жастардың болашағы алаңдатады. Жасыратыны жоқ, кейінгі қазақ жастары өз ана тілдерін ұмытып барады. Қазақстан туралы жақсы білгенімен қазақ тілінде көп сөйлесе бермейді. Тіпті, үлкен кісілердің өздері қазақ тілінде сөйлегенде басқаша акцент бірден ұрып тұрады. Сондықтан шетелде жүрген қазақ жастарын атажұртқа жиі шақырып, ана тілі мен туған елінің тарихын тереңірек білуге күш салсақ дұрыс болар еді.
Расында осы жарыс барысында Түркия, Дания, Австрия, Франциядан келген қазақ жастарымен тілдесіп көрдік. Жап-жас жігіттер қазақшаны қиналып әрең сөйлейді. Тіпті, кейбірі тіптен білмейді десе де болғандай... Сосын тілі ғана емес, қазақ жастарының есімдері де өзге ұлттың ыңғайында кетіп бара жатқандай... Мысалы, Түркиядан келген қазақ жасөспірімдерінің есімдері Мехмед, Метин, Эмиль, осылай жалғасып кете береді. Бір жақсысы, бәрі «қазақпыз» деп тұр. Сосын, шыққан тегін, руын, жеті аталарын жатқа біледі. Тағы бір қуанғанымыз, осы үш күн бойы шетелден келген жастар жергілікті қазақ бауырларымен шүйіркелесіп, бір арқа-жарқа боп қалды.
Ал, Өзбекстаннан келген қазақ жастарында тіл мәселесі жоқ. Бәрі қазақша сайрап тұр. Өзбекстандық қандастарымызды бастап келген Нұрмахан Нұрбаев соңғы кездері өз елдерінде көптеген өзгерістердің болып жатқанын айтады. Екі елдің шекарасы ашылып, екі жақтағы жұрттың барыс-келісі тіптен, жеңілдеп қалған. Бостандық ауданындағы 50-ден астам мектептің 30-дан астамы қазақ тілінде білім береді екен.
-- Жер шалғай болып, командадағы ойыншыларымыз Астанаға шаршап жетті, -- дейді Нұрмахан Нұрбаев. -- Жақсылап тынығып та үлгерген жоқ. Дегенменде ұлдарымыз өз атажұрттарын көріп, кешелі бері осы қаладағы музейлерге барып, тарихымен танысып, бір мәз болып қалды. Басты мақсатымыз – жеңіс емес, кейінгі ұрпақтың өз тарихи отандарымен қарым-қатынасы нығая түссе, Қазақстандағы бауырларымызбен жақын араласа берсе екен деген ниет. Өзімнің екінші ұлым Астана қаласында тұрады. Бір ұл, бір қызы бар. Астана қаласына жаздың күні де, қыстың күні де қыдырып келіп, ұлымның үйінде апталап қонақ боп жаттым. Астана қаласы өте ұнады.
Екі күнге созылған ойын өте тартысты өтті. Шынында алыстан келген командаларды жол ұрып тастады ма, әлде жергілікті жігіттердің шеберлігі басым болды ма, әйтеуір, шетелден келген құрамалардың барлығы екінші күні жергілікті командалардан жеңіліп қалды.
-- Жыл өткен сайын бұл жарыстың дүбірі шартарапқа жайылып жатыр, -- дейді «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Жеңіс Түркия. -- Биыл тұңғыш рет аймақта өткізіп отырмыз. 24 команда қатысты. Бір ғана Ресейдің өзінен 4 команда, Саратов, Түмен, Қорған және Омбы қалаларындағы қазақтардан құралған командалар, Өзбекстаннан 2 команда келді. Сегіз серінің әндерін бүкіл қазақ біледі. Міне, бұл дәстүрлі жарыс қазақ халқының осынау аяулы перзентін ұлықтап қана қоймай, дүниенің төрт бұрышындағы қазақтардың басын Қызылжарда қосып, ұлтымыздың мерейін бір көтеріп тастады. Енді Алла қаласа, алдағы жылдары бұл жарыс басқа да аймақтарда жалғасатын болады.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орын алматылық «Саур» командасына бұйырды. Екінші орынға тағы да алматылық «Бірлік керуен» командасы жайғасты. Үшінші және төртінші орындарды көкшетаулық және қызылжарлық командалар бөлісті. Барлық жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұдан бөлек «Ер Жәнібек» қорының тағайындауымен үздік ойын көрсеткен ойыншыларға да түрлі сыйлықтар берілді.
Айтпақшы, бұл жарысқа жыл сайын қатысып жүрген Қытай еліндегі қандастарымыздан құралған команда бұл жолы келмеді. Шекарадағы қиын жағдайларға байланысты жарысты ұйымдастырушылар ол жаққа шақырту жібермеген көрінеді.
Оралхан ДӘУІТ,
журналист