Жақсыбек Құлекеев: "Ана тіліміздің тағдыры саналы азаматтың бәрін ойландырады"

Oinet.kz 26-09-2023 53

1000219866.jpg

-- Айтпақшы, Жақсыбек Әбдірахметұлы, соңғы кездері балаларға арнап танымдық кітаптар шығарып жүргеніңізді байқап қалдық...

-- Ия, балаларға арнап әр түрлі тақырыпта танымдық кітаптар шығарып жүргенім рас. Оның себебі соңғы кезде балалар  күнделікті өмірде естіп жүрген сөздердің мағынасын түсінуден қалып бара жатыр.   Мысалы, «Мақат» деген сөзді естіп жүрсің, ол не екенін білесің бе?

-- Білмейді екенмін?

-- «Мақат» деп аюдың аталығын айтады. Ұрғашысын -- кірекей, баласын қонжық дейді. Жалпы біздің қазақта кез-келген жануардың аталығы мен аналығын, сосын төлін бөлек-бөлек атайды. Тіліміздің байлығының өзі осында емес пе? Сосын біздің ата мәдениетімізде ұл балаларға батыр, қайратты болсын деп жыртқыш аңдар мен жыртқыш құстардың  атауын қойған. Қаршыға, Бүркіт, Мақат, Қабылан, Арлан, Бөлтірік, Арыстан, Жолбарыс деген сияқты атаулар соның айғағы. Осы аттарды жиі естісек те кейбірінің мағынасын түсүнуден қалып барамыз. Осы жағдайларды ескере отырып, балаларға тартымды болатындай етіп «жануарлар», «құстар», «жәндіктер», «балықтар», «менің денем», «туыстар» атты т.б. кіташаларды шығардым. Олар оқырмандардың көңілінен шығуда.

Енді қазір «Жүз маңызды сөз», «Жүз құралдың атауы», «Жүз жануардың атауы» секілді 5-6 кітапшаны шығаруға дайындап жатырмын.   Осы тұрғыда тағы бір айта кететін үлкен мәселе-ол біздің азаматтардың құлағына жат бар сөзге балама іздеп, орынсыз терминдер қалыптастыруға әуестеніп жүргені. Мысалы, бәрімізге таныс «Жираф» деген жануарды  «керік» деп аударған.  Ал біздің тіл мәдениетімізде жылқының 40 астам атауы бар. Жылқының алыс жолға шыдамды, аяғы ұзын, шоқтығы биік тұқымын «керік» деп те атайды. Демек, бұл сөзді айналымға енгізгісі келетін азамат   жирафты жылқытұқымдас деп санайтын болуы керек.  Ал, шындығына келгенде жираф ашатұяқты, шағын мүйізі бар жануар. Олай болса жирафты керік деп атауға қандай ғылыми негіз бар?  Сол секілді гипопотамды сусиыр, ал крокодилді қолтырауын деп атауға да еш ғылыми негіз жоқ.  Осы секілді атауларды көргенде тілдің болашағы не болады деген ойға қалам. Бұл  ғылымда қалыптасқан категорияларды дамыту үрдісіне қайшы келетін орынсыз құбылыс. Осыны реттейтін кез келген секілді.

--  Сіздің мамандығыңыз --  математик. Ендеше тіл және тарихпен айналысуға не түрткі болды? Әлде білім министрлігіндегі қызметіңізден кейін бұл салаға деген қызығушылығыңыз оянды ма?

-- Меніңше қазақ тілінің тағдыры, болашағы қалай болады деген мәселе еліміздегі саналы азаматтың бәрін ойландырады. Тіліміз жоғарыда аталған бағытта дамитын болса, онда біздің ана тіліміз еш уақытта ғылымның, техниканың және үлкен мәдениеттің тілі бола алмайды.  Орынсыз балама сөздерді пайдаланудың арқасында қазір қазақ тілі өзінің нақтылығынан айырылып, түсініксіз тілге айналып барады. Әрине, қарапайым тіршілікте жобалап, ымдап ойды жеткізге болатын шығар, бірақ ғылым  саласында нақтылық қажет. Біз Мұхтар Әуезов өз романында 150 мың сөз, Шекспир 15 мың сөз ғана пайдаланыпты деп мақтанышпен айтамыз. Ол көңілге демеу болатын жақсы жағдай, бірақ бұл ағылшын тілінің сорлылығынан дәлелдемейді. Қазір ағылшын тілі бұкіл дүниежүзінің ортақ тіліне айналып отыр. Себебі осыдан 500 жылдай бұрын ағылшындар өз тілдерін бір стандартқа келтіріп, қолданысқа ыңғайлаған. Бізге де осындай жүйелі жұмыстар атқарып, тілді заман талабына бейімдеу керек. Ол үшін ғылыми категориялық аппараттардың қалыптасу жолын реттеп, тілді бір стандартқа келтіруге тырысу керек секілді. Тіл ғылым тілі болуы үшін тұспалдап сөйлеуді қою керек. Сосын, бүкіл дүние жүзі халқы пайдаланатын белгілі саясат пен экономика, ғылым мен техника саласында айналымда жүрген халықаралық терминдерді сол қалпында өзгертпей, ана тілімізге бейімдеп, кең көлемде пайдалануға жол ашу керек. Сонымен қатар, ғылым мен техниканың дамыған заманында санамызға орныға бастаған ғылыми категорияларды орнымен, ұқыпты пайдалануды жолға қойғанымыз жөн. Сонда ғана біз ана тілімізді заманның қатаң талаптарына бейімдейміз.

Біз аз халық болғаннан кейін басқа елдің мәдениеті бізді басып бара жатыр. Жастар интернетті ақтарғанда нақты ақпаратты орыс, ағылшын тілдерінен табады. Аэропортқа барсаң есіктерге «өзіңнен ары», «өзіңе қарай» деп жазып қойған.   Орысшадан тікелей аударып не керек, қысқаша «итер», «тарт» деп жаза салса болды емес пе? «Итер» мен «тартты» қазақ шатастырмайды.

Тағы бір мәселе, қазір кітап дүкендеріне баратын болсаңыз,  жақсы өрнектелген қазақша ертегі кітаптар өте аз. Әрине, басқа тілдерден аударылған ертегілер жетерлік.  Өкінішке орай біздің халық ертегілері көркемделіп әлі баспадан шықпай жатыр, сондықтан балаларымыз басқа халықтардың жақсы өректелген ертегі кітаптарын көбірек оқиды. Осы жағдайды да естен шығармаған жөн. Егер біздің балаларымыз өз халқымыздың  ертегілерімен сусындап өспесе, онда олар қалай қазақ болады. Біздегі негізгі проблемалар – ол осы уақытқа дейін біздің ертегілеріміздегі негізгі кейіпкерлеріміздің бейнелері мен образдарының қалыптаспауы.  Дәл осындай жағдай орыс халқында да болған, бірақ осыдан 100 жылдай бұрын орыс халқының атақты суретсіші    Виктор Михайлович Васнецов негізгі орыс халқының ертегілеріндегі кейіпкерлердің образдарын суретке салып кеткен. Сол азаматтың арқасында орыстың киім үлгісі, ою-өрнегі,  «Три богатыря», «Аленушка», «Иванушка дурачок», «Избушка на курьих ножках», «Иван – Царевич»  секілді ертегілерінің кейіпкерлері халыққа кеңінен танымал болды. Одан кейін Ресейдің жоғарғы өнер оқу орындарында кітаптарды суретпен безендіруді оқытатын арнайы факультеттер ашылып, көптеген мамандар балаларға арналған кітаптарды безендіруге дайындалған.   Ал, бізде бұл салада әлі де жақсы мамандар жетіспейді. Қазақ суретшілерінің ішінен біздің ертегілеріміздегі кейіпкерлердің обрызын шығарған әлі ешкім жоқ, сондықтан бұл жағдай көп нәрсеге тосқауыл болып отыр. Осы мәселені де мемлекеттік тапсырсыпен іске асырса,  онда жаңа үлгідегі көптеген кітаптар шығар еді.

Тағы бір мәселе, қазақтың кейбір ертегілерінің тәрбиелік мәні жоқтың қасы. Сосын, көп ертегілер кеңес заманында қайта өңделіп, таптық күреске бейімделіп жазылды. Соның салдарынан байларды ақымақ қылып, кедейлерді ақылды қып көрсету кең жолға қойылды. Байларды алдап, дүниесін алған дұрыс, оларға қызмет етпеу керек деген ұғымды балалардың санасына сіңіруге тырыстық. Соның бірі – Алдар көсе. Жыртық шапанымен айдалада кездескен байды «Жел шапанымның мына тесігінен кіріп, мына тесігінен шығып кетеді» деп алдап кетеді. Енді Алдар көсе қазіргі заманның талабына сай келе ме? Келмейді. Қазір байларды алдай аласың ба? Байларды ақымақ, кедейлерді ақылды, байларға қызмет еткен дұрыс емес деп жастарды тәрбиелей берсек, оның соңы жақсы болмасы анық.   Сондықтан қазіргі заманда біздің балалар не оқиды, не оқу керек, қалай тәрбиелейміз деген мәселе ең басты назарда тұруы керек. Осы тұрғыда арнайы зерттеулер жүргізіліп, жаңа заман талабына сай кітаптар, мульфильмдер мемлекет тапсырысымен дайындалуы тиіс.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

Шетелдегі қазақ жастары өз ана тілдерін ұмытып барады
Түркістанда этносаралық қарым-қатынас мәдениетін нығайту мақсатында семинар өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу