Бақытты ғұмыр – зорлықсыз өмірден бастауын алады

Oinet.kz 12-03-2024 1314

Көктем шуағын ала келген арулар мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсуге арналған мәні айрықша жиын өтті. Қайта түлеген Түркістанның жаңа орталығындағы ақшанқан ғимарат – Оқушылар сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының алқалы жиыны мереке алдындағы кеңауқымды мағыналы іс-шараға айналды.

Screenshot_9.jpg

Қызмет мәні ұлтымыздың жаңа болмысын айшықтайтын 10 басымдықты арқау еткен өңірлік Әйелдер қанатының алғашқы форумы «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбын көтерді. Бәтуалы басқосудың басты талқысына арналған тақырып Қазақстанның  әйелдерді қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан мемлекет екенін көрсетеді және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі жалғастырып жатқан ізгі қоғам екенін айғақтайды.

Форум жұмысына Әйелдер қанатының мүшелері, өңірдің барлық деңгейдегі мәслихаттарындағы нәзік жанды депутаттар, әйелдер санатындағы басқарма, департамент, мекеме басшылары мен басшы орынбасарлары, аудан, қала, ауылдық округ әкімдері мен олардың орынбасарлары, облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылары, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, партия белсенділері мен бастауыш партия ұйымдарының төрайымдары, аудан, қалалардағы әйелдер кеңестерінің мүшелері қатысты.

Жиын Қалыйма Жантөрееваның «Қошқаратадағы қыз» эссесінің негізінде түсірілген тақырыптық қысқаметражды фильмді тамашалаудан басталып, қоғамдағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың әкелер зардабы түйінделді. 

Форум қатысушыларына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев ізгі тілегін арнап, құттықтауын жеткізді. Прогрессивті ел ретінде ілгерілеумізде Мемлекет басшысы әйелдің қоғамдағы мәртебесіне айрықша мән беретінін атап өтті. Әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге ерекше назар аударылғанын жария етті. 

«Әрбір оныншы отандасымыздың кіндік байлаған өлкесін, алтын құрсақты аймағымызды – жер кіндігіне айналдыру, әрбіріміздің перзенттік борышымыз деп білемін! Ол үшін, барлық мүмкіндіктер қарастырылған, ана мен балаға қамқорлық – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры болып бекітілген. Көріп отырсыздар, әйелдердің қоғамдағы белсенділігімен облысымыздың әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау жүйелерінде ілкімді өзгерістер болып жатыр, жаңа мектептер мен емханалар бой көтеруде. Облыс экономикасының өсіп-өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының еңбегі орасан деп білемін», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы. 

Форум жұмысына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Бейсенбай Дәулетбайлы Тәжібаев  өңір басшысының атынан партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысына табыстар тілеп, жиынға қатысушыларға мерекелік жылы лебізін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары аймақ екенін айта отырып, біздің басты байлығымыз – адам капиталы екеніне назар аударды. Өңірімізде 400 мыңнан аса отбасы бар, оның 183 мыңнан астамы – көпбалалы аналар. Оның ішінде 17 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірімізде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбектер көрсетуде. Облыс көлемінде шамамен 213 020 кәсіпкер болса, оның 68 000 мыңға жуығы – шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтар құрайды», - деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Форум жұмысы аясында Әйелдер қанатының басым бағыттары бойынша топ жетекшілері сахнаға көтеріліп, тақырыптық жиынның ресми бөлігі жалғасын тапты. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен өткен жиында қоғамның аналарға деген құрметі әрқашан қастерлі болатыны айтылды. Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз етуде, олардың әлеуетін толыққанды іске асыруда елімізде соңғы жылдары үлкен өзгерістер орын алып, ауқымды бастамалар жүзеге асып жатқаны жария етілді. 

Отбасылардың іргесін бекем ету, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту бағыттарында заңнамалық деңгейде қабылданып жатқан шаралар туралы мағлұмат беріліп, еңбек қатынастары саласындағы кемсітушілікті жою, сондай-ақ, әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейтудегі ұсыныстар тыңдалды. Ортақ талқыға түскен тақырып аясында Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтбаевтың, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Анна Беспалованың, Түркістан облыстық сотының судьясы Айманья Кульчикованың, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекованың, Түркістан облыстық оқушылар сарайының директоры, Әйелдер қанатының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алуға көмектесу» бағыты бойынша топ жетекшісі Индира Икапованың және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалымжан Елшібайдың хабарламалары тыңдалды.

Форум жұмысының екінші бөлігінде қоғамның түрлі салаларында адал еңбегімен танылған қыз-келіншектерге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаты мен мерекелік сияпаты табысталды. Айта кету керек, ұйымның марапатына ие болған азаматшаларымыз – қарапайым еңбек адамдары. Олардың арасында Арыс қаласынан «Қостүйін-Піспек» шаруа қожалығының шопаны Пернеш Апашева, Бәйдібек ауданынан асыл тұқымды ешкі өсіруші Шәрипа Әбіш, Жетісай ауданынан                             «Ақ алтын-Береке» фермасының сауыншысы Перизат Абдураханова, Кентау қаласынан «Кентау трансформатор зауытының» учаске бригадирі Дүйсенкүл Бейсенбаева, Қазығұрт ауданынан «Меруерт ана» балабақшасы тәрбиешісінің көмекшісі Зулхумар Назирова, Ордабасы ауданынан «Темірлан абаттандыру» мекемесінің абаттандырушы Аманкүл Алшимбаева, Отырар ауданынан механизатор-машинист Бибіхадиша Исабек, Сарыағаш ауданынан «Шаркүл-фуд» шаруа қожалығының сауыншысы Алтынкүл Байпанова, Сарыағаш ауданынан «Бес Қара» ЖШС мал дәрігері Алтынай Избасқанова, Сауран ауданынан Т.Айтжанов атындағы мектептің аспазшысы Күлия Алишериева, Созақ ауданынан «Орталық Мойынқұм» кеніші геотехнологиялық алқап учаскесiнің мастері Ақмарал Сарыбаева, Төлеби ауданынан балалар ауылының кір хаттаушысы Фарида Жаппарова, Түлкібас ауданынан «Түлкібас әк зауытының» әк тасымалдаушы Алима Аманбаева, Түркістан қаласынан зейнеткер, кран айдаушы Гүлсін Асқарова, Райымбек Сейітметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының киім ілушісі Айжан Өмірбекова, осы театрдың еден жуушысы Жанат Стамқұлова, Шардара ауданынан тігінші Райхан Мырзаева секілді еңбек адамдары бар.

Форумға қатысушылар жиын соңында Түркістан қаласының Оқушылар сарайы әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Әсіресе, оқушылардан құралған хор ұжымы орындаған ән көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Түркістан облысының жас боксшылары бір аптада 6 алтын медаль жеңіп алды
Түркістан облысындағы әкімдер мен мемлекеттік қызметшілер жұмысқа ұлттық киіммен келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу