Түркістан облысында наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіледі

Oinet.kz 06-03-2024 1333

Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. Бұл халқымыздың ежелден келе жатқан ата дәстүрі. 14-23 наурыз күндері арылығында «Көрісу күні – амал мерекесі», «Мейірімділік мерекесі» сынды атаулы күндері түрлі шаралар өтеді.

Screenshot_19.jpg

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді. 

«14 наурыз - «Көрісу күні – амал мерекесі» күні өңірдегі белгілі өнер, спорт саласындағы қайраткерлер аға буынның шаңырақтарына арнайы барып, жылдың басталуымен құттықтайды. Амандандық сұрасып, көріседі. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады. Ал 15 наурыз күні «Наурыз - мейірімділік мерекесі» ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, соғыс, еңбек ардагерлеріне, Батыр аналарға құрмет көрсету мақсатында «Аға ұрпақты қастерлейік» акциясы қолға алынады» - деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, 15 наурыз күні - Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде облыс әкімдігі мен айтыс ақындары және жыршы-термешілердің Халықаралық одағының ұйымдастыруымен Түркістан облысы мен Жамбыл облысы ақындары, термеші-жыршылары арасындағы командалық өнер додасы ұйымдастырылады. Бұл жайында брифингте «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының» Түркістан облысындағы филиал төрағасы Тұрар Тілеулиев айтты. 

«16 наурыз күні «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы» деген  бастамамен облыстағы барлық мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер өтеді. Ал 17 наурыз күні «Наурыз - тәрбиенің бастауы» деген атаумен барлық мектептерде мерекелік іс-шаралар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері ұйымдастырылады.  Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілмек. 18 наурыз - «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» деген атпен 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды. Сонымен қатар, 18 наурыз күні «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануының ресми ашылу салтанаты «Керуен сарай» аумағында өтеді», - деді Әзімхан Серікұлы. 

Брифингке қатысқан Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров 19 наурыз күні - «Наурыз - жаңару мен жаңғырудың, татулықтың бастауы» деген атпен барлық өңірлерде ағаш егу дәстүрі қолға алынатынын айтты. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.

«20 наурыз - «Ұлттық спортты ұлықтау» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ал 21 наурыз «Қош келдің – Әз Наурыз!» деген атаумен Түркістан қаласындағы «Керуен» сарайы аумағында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр. 22 наурыз «Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз» күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады. Ал 23 наурыз «Наурыз – тазалықтың айнасы» күні облыс көлемінде жалпы халықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі», - деді Мейіржан Нұрғалиұлы. 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Түркістан: Қазығұрттық шаруа жылына 1 миллионнан астам гүл өсіреді
Дархан Сатыбалды түрік инвесторларымен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу