Жолдау-2023: Қазақстанды IT-елге айналдыру – міндет
Уақытты бағындыру мүмкін еместігін білеміз. Бірақ өз уақытымызға иелік ете аламыз.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың арқасында адамдар күнделікті тұрмысын өз уақыты мен ыңғайына икемдеуге әуес. Инновациялардың көмегімен күрделі іскерлік операцияларды жүзеге асыру үшін уақыт тығыздығы, жер қашықтығы деген ұғымдар кедергі болудан қалып бара жатқаны да рас. Осы ретте IT саласының мамандарын көптеп даярлау, оларды қолдау уақыт талабы болып отыр.
Мемлекет басшысы цифрландыру және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән береді. Бұл өте құптарлық әрекет. Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев ІТ саласы бойынша төмендегідей мәлімдеме жасаған еді:
- Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек,- деген еді мемлекет басшысы.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде де «Ақпараттық жүйелер» және «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламалары бойынша IT саласының мамандары даярланады. Сапалы білім беру мақсатында университетіміздегі «Компьютерлік инженерия» кафедрасының профессорлы-оқытушылар құрамы үлкен үлес қосуда. Мәселен, «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері Тасқын Құрманжан, Дулат Орынбасар, Аслан Елеусіз осы жылғы дипломдық жобаларында «көмекші робот» жасап, шығарды. Роботтың басты ерекшелігі – жасанды интеллектке байланысу арқылы, қазақ тілінде еркін сөйлейді, кез келген сұрағыңызға жауап береді. Роботтың ақпараттық жүйесінде тек қазақ тілі емес, түрік, ағылшын, орыс тілдері де бар. Яғни, интернет желісінен күнделікті сіз іздейтін қарапайым сұрақтардан бастап, күрделі сауалдарға жауап беруге қауқарлы.
Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау КеАҚ университетінде биылғы жылдың 20-21 сәуір күндері «Atyrau SmartTeam Hackathon» Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында республикалық Хакатонда оқу ордамыздың «Yassawi» командасы I орынды иемденді.
Шынында, егер ел ішінде отандық IT саласының мамандары аз болатын болса, кадр даярлаудың да мүмкіндіктері кеми бермек. Сондықтан ең бірінші біз IT мамандарының сонымен қатар сапасын да арттыруымыз қажет. Қазіргі білім алушы жастарға бұл саланың болашағы зор екенін ұғындырып, қызықтыра білгеніміз жөн. Қазір білімділер мен білгірлердің дәуірі. Жаңа мамандықты, жаңа саланы меңгеруден қашпай, еліміздің дамуына бірге үлес қоссақ деймін.
Казбекова Гулнур Нагиметовна
Техника ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Компьютерлік инженерия" кафедрасының меңгерушісі