Түркістан облысында 700 шақырым су арнасы тазаланады
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының облыста су нысандарын басқаруды жетілдіру және дамыту жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес, су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыс жүргізіліп жатыр.
Өзендер мен каналдардың табанын тазалау шаралары бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалымен өткен бүгінгі аппарат отырысында «Тұран су» кәсіпорнының басшысы Досхан Лесов баяндады.
Биыл ұзындығы 679,6 шақырым болатын 187 каналды тазалау жоспары жүргізіледі. 15 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары 106,7 шақырым канал темір бетонмен қапталып, су шығындарын азайтады. 13450 га суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету жақсарады. Оның ішінде ағымдағы жылы 32 шақырым каналды бетондау жұмыстарының бүгінгі күні 35% орындалды.
– Төтенше жағдайлардың алдын-алу жұмыстары бойынша Арыс, Ақсу және Келес өзендеріндегі 20 қауіптілігі бар нысандағы жұмыстардың 4-уі толық аяқталып, 11-де жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 11,2 шақырым өзен арнасын түзету және жаға бекіту жұмыстары жүргізіліп, 2 616 габиондық сеткалар орнатылды, 7 497 м3. қой тасы қаланды. Қалған 5 нысанды реттеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстар қараша айының екінші онкүндігінде аяқталады. Алдағы уақытта кәсіпорынды перспективалық дамыту жоспарына сәйкес, инвестициялық 4 жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, кәсіпорынды техникалық жабдықтау бойынша 2024 жылға 10 экскаватор сатып алуды жоспарлап отырмыз. Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығаратын өндірісін ашу. Тамшылатып суару технологиясына қажетті полиэтилендік құбыр өндірісін ашу. «Бөген» су қоймасына су электр станциясын салу жобасы. Су нысандары құрылыстарына жобалық сметалық құжаттама жасау қызметіне лицензия алуды қарастырудамыз, жаңа 10 жұмыс орны ашылады. Бұл қаржыны 30-40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік беретін болады, – деді Досхан Лесов.
Биыл шаруаларға 530 млн.м3 астам су беріліп, лимиттің 71% босатылды. «Бөген» су қоймасына өткен жылмен салыстырғанда 100 млн.м3 жуық немесе 20%-ға су аз келуіне қарамастан, су жеткізу қызметін тиімді ұйымдастыру нәтижесінде суару маусымы қалыпты деңгейде өткізілді. Қазіргі таңда «Бөген» су қоймасында 10,5 млн.м3, «Қосқорған» су қоймасында 1 млн. м3 су бар және Арыс өзенінен келіп жатқан су көлемі 9,5 м3/сек. Арыс магистралды каналы арқылы «Бөген» су қоймасына жіберілуде. Аталмыш мекеме тарапынан суарылатын алқап көлемі 108,6 мың гектарды құрап отыр.
Мемлекет басшысының жаңа тарифтік саясатына көшу тапсырмасына сәйкес, кәсіпорынның 5 жылдық инвестициялық бағдарламасы әзірленіп, жаңа тарифтік смета уәкілетті органмен бекітілді. Нәтижесінде, 1 кезеңде жұмысшылардың жалақысы 30% өседі және 2 канал күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасының нәтижесінде аудандық меншіктегі 12 су қоймалары кәсіпорын теңгеріміне қабылданып, облыстық бюджеттен күтіп ұстау шығындары мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы сұралды.
Кәсіпорын меншігіндегі су нысандарына Австралиялық «Рубикон» фирмасының программалық қамтамасыз етуімен электронды карта әзірленді. Барлық ақпараттар электронды картада көрсетілген, қажетті мәліметтерді кез келген стационарлық және мобильді құрылғыларда интернет арқылы алуға болады.
Айта кетейік, «Тұран су» мекемесінің негізгі қызметі – мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы мен құрылыс нысандарын күтіп ұстау, пайдалану, елді-мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Кәсіпорын 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралды, 107 ішкі шаруа аралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы және 81 арнайы техникамен жабдықталған. Бәйдібек, Сауран, Отырар, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Арыс, Кентау, және Түркістан қаласындағы 108,6 мың гектар алқапты суаруға қауқарлы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі