Сенаторлар Ордабасының кәсіпорындарында болды

Oinet.kz 15-07-2023 274

61.jpg

Түркістан облысы  Ордабасы ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Әлишер Сатвалдиев арнайы іс-сапармен келіп, аймақтағы бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Әуелі сенаторлар аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың бастауымен Қажымұхан ауыл округіндегі 60 гектарды алып жатқан «QAZGARDEN» АӨК қарқынды бауын аралап, жеміс-жидек өнімдерінің түсімімен танысты.

Сондай-ақ, сенаторлар назарына тәулігіне 10 тонна сүт өнімін шығаратын «Акколь агро» сүт өңдеу зауытының жобасы таныстырылды.

Мұнан соң елордадан келген халық қалулылары Бадам ауылдық округінде орналасқан жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше түрлі өнім шығаратын «STANDART RESURSIS» мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Сенаторлар сапары барысында «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген 6 пайызбен қомақты қаржы алып өндіріс бастаған «BOKEI» қыш зауытын аралап көрді. 

Заманауи технологиямен жабдықталған қыш өңдеу зауытының ғимаратында сенаторлар жергілікті кәсіпорын басшылары, шаруа қожалық төрағалары, жергілікті мәслихат депутаттары және шаруалармен кездесіп, ауыл азаматтарының көкейінде жүрген өтініш-тілектерін тыңдады.

Алқалы жиынды аудан әкімі Нұрбек Бақтыбайұлы жүргізіп, ауданға арнайы ат басын бұрып келген Сенат депутаттарының жұмысына сәттілік тіледі.

«Құрметті, Сенаторлар, ел ағалары! Бірлік пен татулық мекені Ордабасы ауданына хош келдіңіздер! Өздеріңізге мәлім, Ордабасы ауданы Азия мен Еуропаны жалғап тұрған құрлықтық дәліздің бойында жатқандықтан мұнда қайнаған тіршілік бір сәтке тоқтаған емес. Ауданның үшінші мегаполиске іргелес орналасуы ордабасылықтарды нарықтық экономикаға ерте бастан бейімдеген. Бүгінде облыс ғана емес республикаға өнім шығаруымен танымал «Ордабасы Құс», «Бөрте Милка», «Бөкей», «Саутс-Ойл» өндіріс орындарының ауданымыздың бір ғана ауылдық округі – Бадамда орналасуы осының дәлелі. Өңірден өкіл болып сайланып, түлеген Түркістан облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда дамуы жолында еткен еңбектеріңізді әркез мақтанышпен айта аламыз», деді аудан әкімі өз сөзінде.

Өз кезегінде аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразәлі Есқараев сенаторларға Ордабасы тауындағы ұлтымыздың ұлы үш биінің аяқталмай қалған сәулеттік құрылысы мен жобасы тоқтап тұрған Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорттық кешеннің құрылысына қаржы бөліп, бабалар рухына тиісті деңгейде құрмет көрсетсе деген өтінішін жеткізді.

Ал, «Бөген» су қоймасының директоры Ермек Сәтенов өңір шаруаларына аса қажетті ағын су мәселесін көтеріп, мемлекет басшысының «Ел территориясында су мәселесін шешу үшін 9 ірі су қоймасын салу керек», деген сөзін негізге ала отырып, Оңтүстік шаруа-диқандарына жаз айларында аталған су қоймасының аса қажет екендігін тілге тиек етті.

Келелі кездесуде «Бөрте Милка» сүт және сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорынының директоры Бөкейхан Әбішев отандық өнімді қолдау үшін шетелден импортталатын сүт өнімдеріне қадағалау күшейтілсе деген өтініш айтса, аудандық мәслихат депутаты Әбілда Әлібеков Жеңіс, Бөген ауылдарын газдандыру мәселесін сенаторлар назарына ұсынды. 

Азаматтардың өтініштерін тыңдаған халық қалаулылары аталған мәселелерді түгелдей хатқа түсіріп, Сенат мінберінде Үкіметке, тиісті салалық министрліктерге ұсынатындықтарын жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі Нұрбек Бадырақов аудан азаматтарымен кездесіп, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылап, шешімін табуға қолдау көрсетіп жатқан Сенат депутаттарына аудан халқының атынан шынайы алғыс айтты.


Ордабасы: Жоспар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс
Сауран: Ағын су бойынша жұмыс тобы құрылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу