Ордабасы: Жоспар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте аудандағы фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, вегетациялық кезеңде ағын сумен қамтамасыз ету барысы бойынша салалық бөлім басшыларының есебі тыңдалды. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық «Ветеринариялық қызмет» МКК басшысы Бақытжан Хаджамуратов пен ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Түркістан облысы Ордабасы аудандық филиалынан Нұрлан Балапанов баяндама жасады.
Баяндамашылардың есебін тыңдаған аудан басшысы алқаптарды зиянкестерден қорғауда дұрыс жоспарлау арқылы залалсыздандыру жұмыстарын белгіленген мерзім ішінде сапалы орындау жағын қатаң ескертті.
Мәжіліс кестесіндегі екінші мәселе бойынша аудандық Аул шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков аудандағы су қоймаларының қазіргі жағдайына тоқталып, егістік жерлерге су жеткізу жұмыстары бойынша баяндап өтті.
Нұрбек Бақтыбайұлы қоймалардағы су қорының былтырғыдан аз екендігін еске салып, бөлім мен ауылдық округтер бірлескен түрде ағын су қажеттілігі бар жерлерді суғару мәселесін ай көлемінде жүйелі түрде реттеуді тапсырды.
Жиын соңында, аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша берілген тапсырмаларды уақтылы орындап, кемшіліктерді жойып, мәселенің қайталануын болдырмау үшін сала жауаптылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Сонымен қатар аудан басшысы ауыл әкімдеріне санитарлық тазалық мәселесі мен қоғамдық саяси ахуалды бақылауға алуды да айтып өтті.